НҰР-СҰЛТАН, 24 ақпан – Sputnik. Қазақстандағы барлық ақша аударымдарына салық салынатыны туралы ақпарат жалған болып шықты, деп хабарлайды stopfake.kz.
YouTube желісіндегі RasTime арнасында ролик авторлары аударым сомасына және оның тағайындалуына қарамастан, барлық аударымға салық салынатынын айтқан.
Ол жеке тұлғаларға арналған ақша аударымдарына салық салу жүйесін әзірлеуге шақырған премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловтың сөзіне сілтеме жасаған.
Ақша аударымы мәселесіне алаңдаған азаматтар роликке 8 мыңнан астам пікір қалдырса, видеоны 120 мың адам көрген.
Осыған орай, қаржы министрлігі ақша аударымдарына салық салуға қатысты кезекті рет түсініктеме берді. Яғни, бұл шара тек заңды тұлғаларға қатысты және салық тек қызмет көрсету немесе тауар сату үшін кәсіпкерлер аударған ақшаға ғана салынады.
"Қазақстандықтарға енді картамен төленген әрбір сатып алу үшін, достарына немесе туыстарына жасаған ақша аударымы үшін салық төлейтіні туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Жеке тұлғалардың бірде-бір ақша аударымына салық салынбайды және мұндай салықты енгізу жоспарда жоқ. Бұл видеода жалған ақпарат ұсынылған", – деп хабарлады ведомствода.
Еске салсақ, бұған дейін ведомстводағылар жеке тұлғалар жасаған ақша аударымын тексеру жоспарда жоқ екенін айтқан болатын.
"Қаржы министрлігі мұндай аударымдарға салық салуды немесе қосымша төлем алуды көздемейді. Сондай-ақ, жеке тұлғалардың қолма-қолсыз ақша аударымдарын тексеруді жоспарлап отырған жоқпыз", – деді Әлихан Смайылов.
Оқи отырыңыз: Жеке куәліктің фотосын көрсете салуға болмайды – министрлік жаңа ережені түсіндірді
Ол жеке тұлғалар өз ақша аударымдары үшін алаңдамаса болатынын атап өтті.