АЛМАТЫ, 23 ақпан – Sputnik. Қазақстандықтар бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаражатының бір бөлігін тұрғын үй сатып алуға, тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе емделу ақысын төлеуге пайдалана алады. Бұл өзгеріс аясында 700 мың азамат жиналған қаржының бір бөлігін алу мүмкіндігіне ие. Sputnik Қазақстан тілшісі қазақстандық әртістерге хабарласып, олардың бұл тізімде бар-жоғын сұрады.
Әнші әрі ұстаз Толқын Забирова қорда қанша ақша жиналғанын көруге уақыт болмайтынын жеткізді.
"Мүлде қараған жоқпын. 20 жылдан астам уақыттан бері өнер академиясында жұмыс істеймін, бірақ сол уақыттан бері тексермеппін. Оған уақыт та жоқ. Ай сайын түсіп тұратынын білемін. Мүмкін зейнет жасына жақындағанда іздеп көрермін", - деп күлді Толқын Забирова.
Зейнетақы жинағын емделу үшін пайдалануға болады. Алайда әнші ол қаржыға жүгінбейтінін айтты.
"Шынын айту керек, ол қаржыға жүгінбеймін. Бір күні өзіме қатты керек болып жатса, ақтарып қарайтын шығармын. Қанша ақша жиналғанын көрермін. Менің естуім бойынша, ол жердегі соманы толық ала алмайсың. Бірақ соны алу туралы ойламаппын", - дейді Забирова.
Ал 2000 жылдан бері театр актері болып жұмыс істейтін Назгүл Қарабалина жиналған қаражатты тексеруге болатынын естіп таңғалды.
"Зейнетақы жинағымда қанша қаражат бар екенін білмейді екенмін. Оны алу, тіпті тексеруден хабарым болмады. Оны қайдан білуге болады? Жалпы зейнетақы жинағына қатысты өзгерістер болып жатқанын әлеуметтік желіден көрдім, бірақ қызығып, әрі қарай зерттемедім", - дейді Қарабалина.
Оның айтуынша, кіріс-шығысты өзі есептейді, алайда зейнетақы жинағын тексеріп көру туралы ой болмаған.
"Қажеттілік жоқ. Не істеймін оны? Оны қайдан көруге болатынын да білмейді екенмін. Жалпы цифрлы технология мүмкіндіктерін пайдалануға жоқпын, тек Instagram желісіне арасында кіріп тұрамын. Біз кәсіпкер емеспіз, кіріс-шығысты өзім есептеймін. Алайда шамамен қанша қаржы жиналып тұрғанынан да хабарым жоқ", - дейді актриса.
Ал әнші Құралай Бекжанова зейнетақы жинағында ақша жоқ екенін айтты.
"Мен еш жерде жұмыс істемеймін. Еркін адаммын. Менде зейнетақы жинағы да жоқ. Біраз жыл бұрын Жүргенов атындағы өнер академиясында жұмыс істедім. Ол кезде жалақым 30-40 мың теңге еді. Содан ұлым дүниеге келетін кезде жұмыстан шығып кеттім. Қайта шақырды, бармадым. Өзім бір кабинетті жалға алып, балаларға сабақ бердім. Айына 30 мың теңгені қолма-қол төлейтін. Осылай айына 200-300 мың теңге табыс таптым", - дейді Бекжанова.
Айтуынша, карантин кезінде өнер орталығын жапты. – Зейнетақы қорына ақша салмаймын. Алайда қартайғанда зейнетақы алып отыру үшін керек шығар, деп түйіндеді ол.
Ал 4-5 жылдан бері мемлекеттік қызметте жұмыс істейтін "Музарт" тобының мүшесі Кенжебек Жанәбілов ай сайын зейнетақы жинағына қаржы түсіп тұратынын айтты.
"Жаңалықтарды қалдырмай көріп отырамын, бірақ зейнетақы туралы өзгерісті естімедім. Мемлекеттік қызметте жұмыс істеймін, ай сайын зейнетақы жинағыма ақша түсіп тұрған шығар. Оны қатты қадағалап жатқан жоқпын. Қанша ақша жатқанын білмеймін", - дейді Жанәбілов.
Зейнетақы жинағын кім ала алады
Қазақстан президенті 1 қыркүйекте халыққа жолдауы кезінде зейнетақы жинағын тұрғын үй сатып алу, емделу, қаржы компанияларына басқаруға беру үшін пайдалануға берілетінін хабарлады.
2021 жылдан бастап зейнетақы жинағының бір бөлігін алуға болады. Алайда қаражат адамның жеке шотына аударылмайды және қолма-қол берілмейді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, келесі жылдан бастап зейнетақы жинағының бір бөлігін жұмсау мүмкіндігіне 721 мың азамат ие болады. Олар:
- зейнетақы жинағы бар, қордағы ақшасы "жеткіліктілік шегінен" асатын еңбекке жарамды жастағы азаматтар – 529,7 мың адам;
- Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жинағы бар зейнеткерлер – 178,4 мың адам;
- зейнетақы аннуитетін рәсімдеген және шотында жинағы қалған қазақстандықтар – 13,3 мың адам.
Сонымен қатар әртүрлі жастағы азаматтар зейнетақы жинағынан ақша алуы үшін жасына қарай шотта болуы керек соманың жеткіліктілік шегі бар.
Мысалы, 20 жастағы азаматтың шотында ең кемі 1 миллион 720 мың теңге болуы керек. Ал 30 жастағы азамат үшін жеткіліктілік шегі – 2 миллион 518 мың теңге.