НҰР-СҰЛТАН, 23 ақпан – Sputnik. Шымкент көшесінде көздері зақымданған ит табылды. Ақпарат әлеуметтік желіде пайда болды.
Жануарларды қорғаушы волонтерлер итті көлікпен қағып кетуі мүмкін деген болжам жасап отыр.
"Үйдің иті, күтім көрген. Қазір жағдайы ауыр, мамандар дәрі тамызып жатыр. Бір көзінен айырылды. Бірақ екіншісін сақтау қалу мүмкін болады деп сеніп отырмыз. Уақыт көрсетеді. Қазір шок жағдайында", - деп жазды "Добряки Шымкента" волонтерлік ұйымы Instagram-да.
Шымкент полиция департаментінің баспасөз қызметі Sputnik Қазақстан тілшісіне ит қаладағы ветеринарлық клиникалардың бірінде екенін хабарлады.
Қазіргі уақытта ит иесі мен оқиға куәгерлері іздестіріліп жатыр.
"Бұл оқиғаға қатысты Абай ауданы полиция басқармасының қызметкерлері сотқа дейінгі тергеу бастады. Іс қылмыстық кодекстің 316-бабы ("жануарларға қатыгездік жасау") бойынша қаралады. Тергеу қорытындысы бойынша процессуалды шешім қабылданады", - деді қалалық полиция департаменті.
Бұл бап бойынша 120 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұл (333 360 теңге) немесе қоғамдық жұмыстар, 30 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған.
Қаңтар айының соңында Шымкентте көзі күйдірілген ит табылған болатын. Ал 2020 жылдың тамыз айында мысықты құйрығынан ұстап бара жатқан ер адам видеосы тарады. Ал оның мысықты өлтіргеніне куәгер болған әйел ер адамнан маскасын шешуді талап етті.