АЛМАТЫ, 23 ақпан – Sputnik. Нұр-Сұлтанда көлігін әдейі өзі ұрлатып, полицияға арызданған ер адам ұсталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің хабарлауынша, елорда тұрғыны хабарласып, бағасы қымбат Toyota RAV 4 маркалы автокөлігінің қолды болғанын айтады. Көлікті бір жыл бұрын автосалоннан кредитке сатып алған.
Ұрлық фактісі бойынша полиция бейнежазбаларды тексерді. Нәтижесінде белгісіз біреудің "Жастар" сарайы маңында көлікке отырып, Тәуелсіздік даңғылымен "Оқушылар" сарайына айдап әкеткенін анықтады.
"Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 53 жастағы жәбірленушінің сақтандыру төлемін алу мақсатында және кредит бойынша төлемдерден жалтарып, көлікті айдап әкетуді өзі ойластырғаны анықталды. Ол алдын ала қылмыс жоспарын құрып, автокөлікті айдап кететін достарын тапқан. Оларға ақша төлеуге уәде берген", - деп хабарлады жергілікті полиция.
Жалған ұрылар көлікті Алматы облысында сатып жіберген. Көлікті айдап кеткендер ұсталды. Олар өз кінәсін мойындады.
Ұрланған автокөліктің иесіне қатысты көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті жалған ақпарат таратқандарға 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын ескертеді.