Қоғам

Алматыда тергеу изоляторынан қашқан сотталушы 8 тәуліктен бері іздестіріліп жатыр

Бүгінге дейін сегіз рет сотты болған Даутов осымен екінші рет тергеу изоляторынан қашып кетіп отыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 23 ақпан – Sputnik. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары жедел іздеу шараларын жүргізіп жатыр. Өйткені, тергеу изоляторынан қашып кеткен сотталушы Давутов әлі табылмады. Бұл жөнінде Sputnik Қазақстан тілшісіне ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметінде хабарлады.

"Әзірше табылған жоқ. Оны тауып, тергеу аяқталғаннан кейін мінетті түрде ақпарат ұсынамыз", – деп атап өтті ведомствода.

ҚАЖК мекемесіндегілер сотталушының қашып кетуіне жол берген тергеу изоляторының қызметкерлерін жауапқа тарту туралы айтуға әлі ерте екенін ескертті. 

Алматыда тергеу изоляторынан қашқан сотталушы 8 тәуліктен бері іздестіріліп жатыр

"Қашып кетуге жол бергендер жауапқа тартылады. Мекеме қызметкерлеріне қатысты қандай жаза қолданылатыны және қашып кеткен сотталушының жазасы да тергеу нәтижесі бойынша анықталады", – делінген хабарламада.

Қазіргі кезде Алматы қаласының полициясы осы факті бойынша Қылмыстық кодекстің 426-бабы ("бас бостандығынан айыру орындарынан, қамақтан немесе күзеттен қашып кету") бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Ал аталған баптың бірінші бөлімінде мұндай әрекет үшін кінәліге үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Алайда, кінәлі адам қашқан кезiнен бастап жетi күн мерзiмде қамауға алу немесе күзетпен ұстау орнына өз еркiмен қайтып оралған болса және жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасамаса, онда ол қылмыстық жауапкершіліктен босатылады.

Оқи отырыңыз: "Түрме вице-министрдің көзімен": Суханбердиева кітап жазды

Айта кетейік, құзырлы орган өкілдері Алматыда тергеу изоляторынан қашып кеткен сотталушы Даувтовты сегіз күннен бері іздестіріп жатыр. 1987 жылы туған Давутов 15 ақпан күні ЛА-155/18 мекемесінен қашып кеткен болатын.

Дамир Давутов осымен екінші рет тергеу изоляторынан қашып отыр. Ол бірінші рет 2010 жылы Ақтөбе облысындағы тергеу изоляторынан қашқан.

Sputnik Қазақстан тілшісіне берген ақпарат бойынша, Давутов ұрлық және алаяқтық әрекеті үшін сотталып отыр. Оған алты жыл үш ай мерзімге бас бостандығынан айыру үкімі шыққан.

Оның осы кезге дейін сегіз рет сотты болғаны белгілі.