Өңірлер

Қарағандыда судья түсіп қалған видеоға қатысты тың ақпарат шықты

Видео бір ай бұрын түсірілген болып шықты, бірақ осы уақыттың ішінде мобильді топтар бұл туралы тіс жармаған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 22 ақпан — Sputnik. Қарағанды санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы желіде тараған той видеосына қатысты түсініктеме берді. Кадрде судья Естай Исабеков көзге түскен болатын.

Ведомствоның хабарлауынша, жиынды Исабековтың бауыры өткізген.

"Естай Исабековтың 2021 жылдың 12 ақпанындағы жазбаша арызына сәйкес, тойды туысы А.Исабеков ұйымдастырған. Оған әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 425-бабына сәйкес, айыппұл тағайындалды. Жеке тұлғалар үшін айыппұл сомасы 30 айлық есептік көрсеткіш шамасында (87 510 теңге)", – деді ведомствода.

Сондай-ақ, карантин талабын бұзғандардың жұмыс орнына тәртіптік жазаға тарту жөніндегі хат жолданды.

Еске сала кетсек, мобильді топ мүшелері отбасылық мерекенің үстінен түскен. Видеода Исабеков тексерушілермен "сен" деп сөйлесіп тұр, полицейден кім екенін білу үшін маскасын шешуді талап етеді, сонымен қатар мейрамханада прокурорлар да демалып жатқанын айтқан.

Видео бір ай бұрын түсірілген болып шықты, бірақ осы уақыттың ішінде мобильді топтар бұл туралы тіс жармаған.