НҰР-СҰЛТАН, 22 ақпан – Sputnik. Павлодар облысындағы жол апатынан жеңіл көлік жолаушысы көз жұмып, баласы ауруханаға жеткізілді. Бұл жөнінде Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
22 ақпанда сағат 12:30 шамасында Қалқаман–Керней автожолының 89-шы шақырымында "Фольксваген" және "Лада Ларгус" көліктері соқтығысты.
"Фольксваген" автокөлігінде болған жолаушы – 33 жастағы әйел алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды. Оның 2007 жылы туған ұлы түрлі жарақатпен Баянауыл орталық аудандық ауруханасына жатқызылды", - деп нақтылады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Эльмира Темірғалиева.
Жасөспірімде жабық бас сүйек-ми жарақаты, миының шайқалуы және омыртқаның бел жақ бөлігінің зақымдалуы тіркелген.
Апат орнында жедел тергеу тобы жұмыс істеуде. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.