НҰР-СҰЛТАН, 22 ақпан — Sputnik. 2021 жылдың 1 наурызынан бастап 1501 аумағында сараланған тариф іске қосылады. Енді алматылықтар базар айналасындағы тұрақ орындарын пайдаланғаны үшін сағатына 150 теңгеден төлейтін болады. Бұл жөнінде Aparking (Алматының ақылы автотұрақтары жөніндегі жоба) компаниясы өзінің Instagram парақшасында хабарлады.
Бұл шара қаланың ең проблемалық учаскесінде жүргізушілер үшін бірқатар орын босатуға мүмкіндік береді. Жүргізушілер базар айналасына машиналарын күн ұзаққа қоймайтын болады. Себебі, бұл тиімсіз, деп жазылған хабарламада.
"2020 жылы базар айналасына машина қоюдың орташа ұзақтығы үш сағатты құрады. Бұл Алматы–1 немесе Тастақтағы көтерме базарлардағы ақылы автотұрақтармен салыстырғанда екі есе көп", - деп атап өтті Aparking компаниясы.
Қазір 1501 аймақта 317 тұрақ орны бар.
"Бір тұрақ орнының орташа айналымы күніне 2,6 автомобиль. 2017 жылы бұл көрсеткіш жеті көлік шамасында болған. Таңертең немесе түскі қарбалас уақытында базар маңындағы автотұрақтардың жүктемесі 100 процент болады", - деп жазылған хабарламада.
Сараланған тариф – "сұраныс неғұрлым көп болса, тұрақ орнының бағасы да соғұрлым қымбат немесе сұраныс болмаса, арзан" принципі бойынша орындар жүктемесін реттеу әдісі.