Оқиға

Полицейлер аумақты қоршауға алды: Петропавлда газ жарылып, 2 адам көз жұмды

Оқиға орнына өрт сөндірушілер жетті. Тұрғындар эвакуацияланды, зардап шеккендер ауруханаға жеткізілді
Sputnik

ПЕТРОПАВЛ, 21 ақпан — Sputnik. Петропавлдың орталығында бесқабатты жатақханада газ жарылып, екі адам қайтыс болды. Он үш адам зардап шекті, деп хабарлайды облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

"Сағат 15:59-да 101 телефонына Интернациональная көшесі, 21 мекенжайындағы бес қабатты үйдің 1-қабатында газ баллоны жарылғаны туралы хабар түсті. Оқиға орнына облыс орталығындағы барлық өрт сөндіру бөлімшелері мен департаменттің жедел-құтқару жасағы жетті", - деді ведомствоның баспасөз қызметі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сәйкес, 13 адам зардап шеккен, 2 кісі қайтыс болды. Бір әйел жансақтау бөлімінде жатыр.

Өрт сөндіру жұмысы жалғасып жатыр, аумақ қоршауға алынды.

№ 2 орта мектепке 120 адам эвакуацияланды. Жедел штаб құрылды.

Оқиға куәгерлерінің айтуынша, жарылыстың қатты болғаны соншалық, көрші үйлерде де сезілген. Көліктердің дабылы іске қосылды.

Алдын ала ақпарат бойынша жарылыс жатақханаға қосылған орынжайдағы дәмханада болған.