Қоғам

Ғалым Салық Зиманов заң саласын дамытуға зор үлес қосты – Тоқаев

Салық Зиманұлының ел мүддесі жолында атқарған еңбегі өскелең ғалым ұрпақтарына қашанда үлгі-өнеге, деді президент
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 19 ақпан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғалым Салық Зиманов Қазақстанның құқықтық негізін қалыптастыруға зор үлес қосқанын мәлімдеді.  

"Бүгін – аса көрнекті ғалым, академик Салық Зимановтың туғанына 100 жыл. Ол егемен еліміздің құқықтық негізін қалыптастыруға және заң саласын дамытуға зор үлес қосты. Салық Зиманұлының ел мүддесі жолында атқарған еңбегі өскелең ғалым ұрпақтарына қашанда үлгі-өнеге", - деп жазды Тоқаев Twitter.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде көрнекті ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Салық Зимановтың 100 жылдығына арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауымен ашылған ғылыми-тәжірибелік конференцияға мемлекеттік билік органдары мен академиялық ғылыми ортаның, сондай-ақ заңгерлер қауымының өкілдері қатысты. 

"Салық Зимановтың Тәуелсіз Қазақстанның құқықтық жүйесін қалыптастыруға қосқан үлесі зор. Оның қаламынан туған қазақтардың қоғамдық және саяси құрылысы, Қазақстанның ұлттық мемлекеттілігінің қалыптасу тарихы саласындағы ірі зерттеу еңбектері бүкіл дәуірдің адамы екенін дәлелдейді. Ол өзін ортақ іске салып, бар күш-қайратын өз еліне берді, өз халқына адал және жанқиярлықпен қызмет етті және бүгінде жаңа ұрпақ үшін нағыз үлгі болып табылады", - деді премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов.

Салық Зиманұлы Зиманов 1921 жылы Атырауда дүниеге келген. Қоғам және мемлекеттік ірі қайраткер тұлға, заңгер ғалым, заң ғылымының докторы, профессор. Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстанға еңбегі сіңген ғылым қайраткері (1971). Қазақстанның тұңғыш президентінің мемлекеттік бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының иегері (2001).

Зиманов Салық 1990-95 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы кеңесіне халық депутаты болып сайланып, Жоғарғы кеңес төралқасының, сыртқы қарым-қатынастар мен парламентаралық байланыстар комитетінің мүшесі, Ардагерлер мен мүгедектер жөніндегі комитет төрағасы болды. Білікті заңгер маман ретінде егемендік, тәуелсіздік жолын таңдаған Қазақстанның халықаралық қарым-қатынастарын заңдастырып, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беру, президенттік басқару институтын енгізу, құқықтық-демократиялық реформаларды жүргізу ісіне белсене араласты. Ол 1992–93 жылы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Консультативтік кеңестің, мемлекеттік саясат жөніндегі ұлттық кеңестің мүшесі болды.

 Ғалым 2011 жылы Алматы қаласында дүниеден өтті.