АЛМАТЫ, 18 ақпан – Sputnik. Қазақстанда 2021 жылы азаматтардың аты-жөнін латын графикасына негізделген әліпбиге сай жазу ережелері әзірленеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бұл туралы мәденииет және спорт министрлігі алқасының кеңейтілген отырысында айтылды.
Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов министрліктің 2021 жылы атқаратын жұмысына тоқталды.
"Абай институты" атты Қазақстанда және шетелдерде қазақ тілін үйрету және ілгерілету бағдарламасын жетілдіріп, қолданыс аясын кеңейту жоспарланған. Сондай-ақ, азаматтардың аты-жөнін латын негізді әліпбимен жазу ережелері әзірленеді", - Дәуешов.
Сонымен қатар Қазақстан аумағындағы географиялық нысандардың және олардың құрамдас бөліктерінің атауы латын графикасы негізінде стандартталады.
Вице-министрдің айтуынша, 2021 жылы президенттің "Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру туралы" жарлығына да өзгерістер енгізіледі.
Айта кетейік, қаңтардың аяғында премьер-министр Асқар Мамин қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия отырысын өткізді. Жиында латын графикасына негізделген әліпбидің жетілдірілген нұсқасы көрсетілді.
Жетілдірілген әліпбиде әріп саны – 31, әліпби тек латын әліпбиі базалық жүйесі таңбаларынан құралған. Бұл әліпбиде қазақ тілінің 28 дыбысы толық қамтылған.