Өңірлер

Халықаралық дода жеңімпаздары шыққан: Меркідегі ауылда спортшыларды қалай даярлайды

Меркі ауданына қарасты ауылдық округте ерекше спорт мектебі бар. Мектепте спорттың 11 түрі бойынша спортшылар даярланады. Олардың арасынан Қазақстан, Азия, әлем чемпиондары шыққан
Sputnik

МЕРКІ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ, 18 ақпан – Sputnik. Жамбыл облысы Меркі ауданы Ойтал ауылдық округінде халықаралық додалардың жеңімпаздары оқитын спорт мектебі бар. Бір қарағанда қарапайым мектеп болып көрінгенімен, іші қазынаға толы. Бұл жерден әлем чемпионы да, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы да шыққан. Sputnik Қазақстан тілшісі спортшылар ордасына барып, мектептің жұмысымен танысты.

Спорт мектебінде қазір 760 бала оқып жатыр. Мектеп 1980 жылдан бері бар, алайда жаңа ғимарат 2017 жылы пайдалануға берілді. Оның ашылуына ауылдағы құсбегілердің, армрестлингтен әлемдік додаларда төбе көрсеткен споршылардың да үлесі бар.

Халықаралық дода жеңімпаздары шыққан: Меркідегі ауылда спортшыларды қалай даярлайды

"2012 жылы Меркі ауданында құсбегі бар екенін естіп, құсбегінің штатын аштық. Сол жылы Қарағанды облысында жастар арасында Қазақстан чемпионаты болды. Бірінші орынды иелендік. Сол уақыттан бері 9 жылдың ішінде Азия чемпионы, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы атағын алдық. Одан бөлек қол күрестен Азия, Әлем чемпиондары осы мектептен шықты", - деді мектептің директоры Дулат Маратұлы.

Мектепте спорттың 11 түрі бар - құсбегілік, асық ату, қазақ күресі, тоғызқұмалақ секілді ұлттық спорт пен еркін күрес, шахмат, волейбол, қол күрес, жеңіл атлетика, тхэквондо, каратэ.

Мектептің мақтанышы – құсбегі отбасы

Спорт мектебінің мақтанышы – ағайынды Бабажановтар. Бір үйдің үш ұлы ұлттық спортпен айналысады. Әке жолымен келе жатқан ағайындылар алдымен қаршыға баптайды, өсе келе бүркітке ауысады. 21 жастағы Бақдәулет Бабажанов құсбегілік бойынша Қазақстан чемпионатының үш дүркін жеңімпазы, кейінгі жылдары "жамбы атудан" жақсы нәтиже көрсетіп жүр.

"2009 жылы әкем алғаш рет құс алып келіп, баптап, аңға шығып жүрді. Уақыт өте келе бізге де үйретті. Бір жыл өткен соң маған қаршыға әперді. Араға тағы бір жыл салып жарысқа қатыса бастадым. Сол жылы "Сонар – 2011" жарысында 3-орын алдым", - деді Бақдәулет.

Халықаралық дода жеңімпаздары шыққан: Меркідегі ауылда спортшыларды қалай даярлайды

Бір жыл дайындығы нәтиже бере бастағанын сезген Бақдәулет бұл істі әрі қарай жалғастырамын деп шешкен. Жыл өткен сайын әкесінің де, үлкен ұлдың да қанжығасы майлана түседі. Қызылордада өткен додада әкесі бүркіт салып, жеңіске жетсе, ұлы қаршыға ұшырып жеңген.

Содан кейін құсбегіліктен жастар арасындағы Қазақстан чемпионатында 3 жыл қатарынан бүркіт ұшырып жеңіске жетеді.

"Ер жетіп, жігіт болған соң қаршығадан бүркітке ауыстым. Әкеміздің артынан еріп, бәріміз құсбегі болып кеттік. Қазір екі інім үшеуміз осы іспен айналысамыз. 2017 жылдан бастап құсбегілікпен қатар жамбы атуға келдім. 2018 жылы Қазақстан чемпионатында жеңіске жеткен соң, ұлттық құрама сабына қосылдым. Сол құраммен Оңтүстік Кореяға барып, 3-орынды қанжыладық", - деді Бақдәулет.

Алайда бұл мектепте "жамбы ату" бойынша секция қарастырылмаған. Бүркітшілер өз бетінше оны да қатар алып жүр.

Құсбегілер сайысы қалай өтеді

Құсбегілердің сөзінше, сайыс үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде 500 метр жерден бүркітті қолға шақырады. Екінші кезең – еркін ұшыру. Қолына қонып тұрған бүркітті ұшырып жібереді. Мұндай жағдайда бүркіт жерге қонбай, құсбегінің қолына айналып келуі керек.

Үшіншісі – шырға салу. Түлкінің терісін ішін толтырып, атпен сүйрейді. Бұл кезеңде бүркіт басқалардан оза ұшып, жемтікті бірінші болып алуы керек. Ал төрешілер бүркіттің жемтікке жету уақытын секундпен өлшейді.

"Бүркітімнің аты – Қапсалған. Бала күннен баптап, бірге өсіп келе жатырмыз. 8 жаста. Үйде 4  бүркіт, 2 қаршыға, бір ителгі бар. Үйде төрт ер адам баптап, күтімін жасаймыз. Құстың тамағын беріп, астын тазалаймыз. Әкем маған бүркіт сыйлады, бір ініме қаршыға, кенже балаға ителгі әперді", - дейді Бақдәулет Бабажанов.

Айтуынша, бір үйде болғанымен құстар тек өз иесіне ғана барады. Бір адам тамақтандырып, күтім жасайды.

"Құсқа қарауға бір адам керек. Оны қолға алмаса, торда отырып, ашуланып, мінезі өзгеріп кетеді. Бүркітті бағу өте қиын. Жарысқа апарған кезде қорапқа салып апаруға болмайды. Жолда бүркітті тек қолда ұстап отырамыз. Пойызға мінгенде жанымызда отырады. Егер қорапқа салып, ашуландырып алсақ, жарысқа барғанда ұшпай қояды. Құстың ашуы қатты болады. Егер оны ұрып, құс кек сақтап қалса, ол адамның қолынан екінші рет ұшпайды", - дейді құсбегі.

Ал жас құсбегілер кейінгі жылдары жамбы атуға да әуестене бастаған. Бақдәулет пен 19 жастағы інісі Серікболсын жамбы ату бойынша екеуі де Қазақстан чемпионы.

Бабажановтардың ауыл маңында фазендасы бар. Үйі де көпшіліктен тысқары ауыл сыртында орналасқан. Сол жерде құс ұшырып, жамбы атуға дайындалады. Жаз келсе, туристерге ұлттық спорт түрлерін көрсетіп, ақша табады.

"Жамбы атуға алғаш дайындалып жүргенде қиын болды. Атқа мініп, көкпар шауып жүрген баламыз ғой. Бірақ алғашында аттың үстінде отырып оқ атқан кезде дәл тимейді. Барлық әдісін бір жыл бойы үйрендік", - дейді Бақдәулет Бабажанов.

Бақдәулет бүгінде өзі оқыған спорт мектебінде жаттықтырушы болып жұмыс істейді. Ізінен келе жатқан 15 ауыл баласын құсбегілікке баулып жүр.

"Қара Маржан" атанған Берікболсын

Ал отбасының кенжесі – Берікболсын Бабажанов 13 жаста. Ол да келешекте ағаларына ұқсап ат үстінде садақ атумен айналысатынын айтты, оған тек уақыт керек.

Берікболсын қаршыға баптайды. Үш жылдан бері ұлттық спорттың ортасында жүрген баланы ел "Қара Маржан" деп таниды. Ағаларының айтуынша, бір жарыста қазылар алқасы осылай атаған екен. Содан бері барлық додаға осы атпен қатысады. Ұстаздары есімінің Берікболсын екенін білмейтінін айтты.

Халықаралық дода жеңімпаздары шыққан: Меркідегі ауылда спортшыларды қалай даярлайды

Берікболсын жас та болса, сөзі ірі. Өзі де көпшілік алдында сөйлеуге төселген. Не дегенмен бұған дейін Азия чемпионы болып, Қазақстанның бірнеше қаласында да жеңіске жеткен.

"Мен қаршыға баптаймын. Жеңіске жете берсін деп атын "Алғыр" деп қойдым. 10 жасымнан бері құсбегілікпен айналысамын. Қаршығамен күніне бір рет жаттығу жасап, етін үзбей береміз. Жарысқа дайындаймыз. Қатты арықтаса, өліп қалады. Өзін кептерге саламыз. Ал жалпы балапан қаршығаны 1-2 ай баптап, жарысқа қоса береміз. Бастысы, бабы келсе болды. Семіз болса, бүйірінен көрінеді. Жарыс жақындағанда етін аздап беремін. Арық болса, керісінше молайтамын", - дейді Берікболсын.

Ол келешекте жамбы атумен айналысуды жоспарлап отыр. Ал оның алдында қаршығадан бүркітке ауыспақ.

Тонналаған темір көтереді

Мектеп ұстаздары қол күрестен әлем чемпионын, Азия чемпионын да тәрбиелеген. Жарқынай Рахымбаева 2018 жылы Анталия қаласында өткен әлем чемпионатына барып, бір қолдан алтын, бір қолдан қола алып келді.

"8 жыл дайындық нәтижесінде әлем чемпионы атандым. Енді Литвада сайыс өтетіні айтылып жатыр, соған дайындалудамын. Бір жыл бұрын отбасы құрып, сәбилі болдым. Оның да әлем чемпионы болғанын қалаймын, ұлымды соған тәрбиелейміз", - дейді Жарқынай.

Халықаралық дода жеңімпаздары шыққан: Меркідегі ауылда спортшыларды қалай даярлайды

Мектептің төрт спортшысы қол күрестен Азия чемпионы атанған. Бастапқыда аудан спортшылары аядай ғана бөлмеде жаттығу жасаған.

"Бұл жаңадан ашылған спорт мектебі. Бастапқыда кішкентай бір бөлмеде дайындалдық. Қазір бәрі үлкейді. Оған жан-жақтан чемпион болғанымыздың да үлесі бар шығар", - дейді әлем чемпионы.

Ал төрт спортшыны жарысқа дайындаған тәжірибелі жаттықтырушы Аман Әшірбекұлы қыздармен жұмыс істеудің артықшылығы жайлы айтып берді.

"Мен үшін қыздармен жұмыс істеген қызық. Себебі қыздар шаршау дегенді білмейді. Әр баланың өз мінезі бар. Көп адам қыздармен жұмыс істей алмайтынын айтады, ал маған жеңіл. Оларға оқушым деп емес, қызым секілді қараймын", - дейді жаттықтырушы.

Қол күресте мықты болу үшін тонналаған темір көтеру керек. Бұл қолдың күшімен келетін жеңіс. Оның бәріне шыдамдылық керек. Спортышлардың режимі де бөлек.

"Жаттығу кезінде өзіңді де, жаныңды да аяма деп айтамын. Тер төгілмей жеңіс жоқ",  - дейді Аман Әшірбекұлы.

Айтуынша, армрестлинг бойынша спортшылар қол, білек, шынтақ, иықтың әрқайсысына арналған жаттығуды жасайды.

Ал чемпиондар шыққан спорт мектебіне қабылдану үшін аса қатты талап жоқ. Тек баланың денсаулығы спортқа жарамды болуы шарт.

Халықаралық дода жеңімпаздары шыққан: Меркідегі ауылда спортшыларды қалай даярлайды

"Әлеуметтік желіге, газетке спортшыларды қабылдаймыз деп жарнама береміз. Әр ата-ана баласын қай спортқа беретінін өзі шешеді. Өтінішін жазады. Баланың денсаулығы спортқа жарай ма, жоқ па тексереміз. Балалар емханада толық тексеруден өтеді", - дейді мектеп директоры.

Бүгінде Ойтал ауыл округіндегі спорт мектебіне сол маңдағы 9 ауылдың балалары жаттығу үшін келеді.

Ал мектеп директоры Дулат Маратұлы Жамбыл облысы спорт басқармасына хат жазып, әр ауылда бір-бір спорт мектебін ашу туралы ұсынысын жеткізген. Ол ауыл жастарының спортқа бір табан жақын екенін айтып, оларға дайындық үшін барлық жағдайды жасау қажет деп санайды.

Халықаралық дода жеңімпаздары шыққан: Меркідегі ауылда спортшыларды қалай даярлайды