Өңірлер

Жаркенттік фармацевт науқастың өліміне кінәлі деп танылды

Науқас фармацевтен дәрігер тағайындаған препаратты көктамырға құйып беруін өтінген, бірақ процедура кезінде кенеттен әйелдің жағдайы нашарлап кеткен
Sputnik

ТАЛДЫҚОРҒАН, 18 ақпан – Sputnik. Алматы облысында әйелдің өліміне қатысы бар деп айыпталған фармацевтке үкім шықты, деп хабарлады өңірлік полиция департаменті.

Қайғылы жағдай Жаркентте 2018 жылдың 16 наурызында болған. Әйел адам қаладағы дәріханалардың біріне келіп, дәрігер тағайындаған препаратты көктамырға құйып беруін өтінген. Алайда кенеттен науқастың жағдайы нашарлап кеткен. Шокқа қарсы шаралар және "жедел жәрдемнің" көмегі нәтиже берген жоқ, әйел қайтыс болды.

Осыдан кейін полиция фармацевтке қарсы Қазақстан Қылмыстық кодексінің 317-бабы (Медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсіби міндеттерін дұрыс орындамауы) бойынша қылмыстық іс қозғады, тергеу екі жылға жуық уақытқа созылды.

Атырауда науқас Жаңа жыл қарсаңында көз жұмды: кездейсоқтық па, салғырттық па?

Тергеу барысында комиссиялық сот-медициналық сараптама қайта өткізілді. Оның нәтижесі бойынша қылмыстық іс Қазақстан Қылмыстық кодексінің 322-бабының 3-бөлігіне (Заңсыз медициналық және фармацевтикалық қызмет және есірткі немесе психотроптық заттарды алуға құқық беретін рецептілерді немесе басқа құжаттарды заңсыз беру немесе қолдан жасау, соның салдарынан абайсызда адамның қайтыс болуы) қайта ауыстырылды.

Іс материалдары айыптау қорытындысымен бірге сотқа жолданды.

Панфилов аудандық сотының үкімімен сотталушы кінәлі деп танылып, екі жыл алты айға бас бостандығынан айырылды.