Саясат

Қазақстанда визасыз елдер тізімі кеңейтіледі

2021 жылы электронды виза алу жұмысын жеңілдету мәселесін қарап, электронды виза бағасын 20 долларға төмендету жоспарланып отыр
Sputnik

АЛМАТЫ, 18 ақпан – Sputnik. Қазақстанда 2021 жылы визасыз елдер тізімін кеңейту жоспарланып отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. Бұл туралы мәдениет және спорт вице-министрі Ғабидолла Әбдірахымов министрлік алқасының кеңейтілген отырысында айтты.

2020 жылы визасыз елдер тізімі 74 елге дейін кеңейтілгенін, 105 мемлекеттің азаматтары үшін электрондық виза енгізілгенін атап өткен вце-министр Қытай мен Үндістан азаматтары үшін пилоттық режимде 72 сағаттық визасыз транзит іске қосылғанын айтты.

"30 күнге дейінгі мерзімге келген шетелдіктерді тіркеу тоқтатылды және көші-қон карточкалары да жойылды. 2021 жылы визасыз елдер тізімін 90-ға дейін кеңейту жоспарланып отыр, – деді Әбдірахымов.

Айтуынша, өткен жылы шекарадағы өткізу пункттерін жаңғырту жұмыстары басталды. Сондай-ақ елдің 11 қаласында "Open Sky" режимі енгізілді.

Оқи отырыңыз: Латвия Қазақстанмен визасыз режимнің болғанына мүдделі

Сонымен қатар 2021 жылы электронды виза алу жұмысын жеңілдету мәселесін қарап, электронды виза бағасын 20 долларға төмендету жоспарланып отыр.