Өңірлер

Өлер алдында видео жазып қалдырған Павлодар тұрғыны табылды

Павлодар қаласының тұрғыны телефонға жазған видеоны туыстары көрген сәтте өзінің тірі болмайтындығын ескерткен
Sputnik

АЛМАТЫ, 18 ақпан – Sputnik. Павлодарда соңғы сөзін видеоға түсіріп, үйінен белгісіз бағытта шығып кеткен ер адам тірі табылды. Бұл туралы жергілікті Pavlodarnews.kz хабарлады.

Ол еріктілерге қаржылық қиындықтар өмірін қиюға жеткізе жаздағанын айтқан.

"VITA Павлодар қаласының іздеушілері" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Екатерина Кудрявцеваның айтуынша, іздеу жұмыстары павлодарлықтың жұбайы көмек сұрағаннан кейін басталған.

"Константин Сухановты үйінің маңынан таптық. Оның айтуынша, қаржылық қиындықтар өмірін қиюға жеткізе жаздаған. Ер адамды үйіне жеткіздік. Отбасы оны күтіп алды", – деді Екатерина Кудрявцева.

Бұған дейін Павлодар қаласының тұрғыны Торайғыров көшесіндегі үйден шығып кеткені хабарланған. Құжат, пәтер кілті мен телефонын үйінде қалдырған. Ал телефонынан ер адам түсірген видео табылды. Видеода ол отбасынан кешірім сұрап, қарыздарын төлеу үшін зейнетақы жинағын рәсімдеп алуды тапсырады.

Онымен қоймай, туыстары видеоны көріп отырған сәтте, өзінің тірі болмайтындығын ескерткен.

Оқи отырыңыз: Шымкентте жаңа жыл қарсаңында жоғалған әуежай қызметкері табылды

Айта кетейік, 35 жастағы ер адамды іздеуге ондаған ерікті атсалысты.