Саясат

Өзбекстанның сыртқы істер министрі Тоқаевқа Мирзиёевтің өтінішін жеткізді

Тоқаев Шавкат Мирзиёевтің эпидемиялық ахуал жақсарғаннан кейін Қазақстанға сапармен келетініне сенім білдірді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 18 ақпан – Sputnik. Мемлекет басшысы Нұр-Сұлтан қаласына жұмыс сапарымен келген Өзбекстанның сыртқы істер министрі Абдулазиз Камиловті қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.

"Кездесу барысында министр президентке Өзбекстан көшбасшысының Ташкент қаласында "Орталық Азия және Оңтүстік Азия: өңірлік өзара байланыстар. Сын-қатерлер мен мүмкіндіктер" атты халықаралық конференция өткізу туралы бастамасына қолдау білдіру туралы өтінішін жеткізді", – делінген хабарламада.

Сонымен қатар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы берік достық пен тату көршілікке негізделген стратегиялық серіктестіктің қазіргі ахуалы және оны әрі қарай нығайтудың перспективалары талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдегі күрделі жағдайға және пандемияға қарамастан екі елдің қарым-қатынастары жоғары деңгейде екенін, қазіргі сын-қатерлерге орнықты төтеп беріп отырғанын айтты.

Оқи отырыңыз: Тоқаев көміртегі саласындағы Қазақстанның 2060 жылға дейінгі жоспарын жариялады

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевқа зор денсаулық және бақ-береке тілеген сәлемін жолдап, Өзбекстан президенті эпидемиялық ахуал жақсарғаннан кейін Қазақстанға сапармен келетініне сенім білдірді.