АЛМАТЫ, 17 ақпан – Sputnik. Алматы әкімі Қазақ ұлттық университетінің жері ешкімге берілмейтінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. Қала әкімі есеп беру кездесуінде оқу орнының жаңа басшысымен бұл мәселені талқылағанын жеткізді.
"Университеттің жері жекеменшікке берілейін деп жатқан жоқ. Қазір университет қарамағындағы жер телімінің бәрі университеттің өз құзіретінде", - деді Бақытжан Сағынтаев.
Айтуынша, оқу орны жерін басқаға бергісі келсе, әкімшілікке ұсыныс жасауы керек.
"Университет жерін басқа біреуге бергісі келсе, "мына жер маған керек емес, қайтып алыңыз" деп ұсыныс жасауы керек. Қазір университетке жаңа ректор (Жансейіт Түймебаев – Sputnik) тағайындалды. Біз ол кісімен кездестік. Бұл мәселе төңірегінде де әңгіме болды. Ол кісі университетті әрі қарай дамытуымыз керек деп, ешқандай жерді беруге болмайтынын айтты", - деді қала әкімі.
ҚазҰУ төңірегіндегі дау
Бұған дейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жерінің бір бөлігі жекеменшікке берілгені туралы ақпарат тарады. Содан кейін оқу орнының баспасөз қызметі ол ақпаратты жоққа шығарды.
"Қазақ ұлттық университетінің лауазымды тұлғалары да, университет те жер учаскесінің бір бөлігін үшінші тұлғалардың пайдасына иеліктен шығару жөнінде келісім бермеген және жер учаскесін басқа тәсілмен бөлуге қатысқан жоқ. Айта кетейік, барлық мүлік пен жер мемлекеттік актив болып табылады, сәйкесінше ЖОО-да оларды иелену, пайдалану және билік ету құқығы жоқ", - делінген оқу орнының ресми жауабында.
Оқу орны басшылықтың өз қалауы бойынша мемлекеттік мүлік пен жерді бере алмайтынын алға тартты.
Ал оның алдында заңгер, жер құқығы саласындағы сарапшы Бақытжан Базарбек Facebook парақшасында ҚазҰУ жер учаскесі 73,2662 гектардан 72,4872 гектарға қысқарғанын жазды.
Содан кейін оқу орнының ректоры Ғалымқайыр Мұтанов қызметінен кетіп, Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ ректоры болды.