Қоғам

Тоқаев пен Назарбаев Нұртілеу Иманғалиұлының отбасына көңіл айтты

Өмірінің 45 жылын отандық телевизия саласында жұмыс істеуге арнаған Нұртілеу Иманғалиұлы мамыр айында 69 жасқа толар еді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 17 ақпан – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев белгілі тележүргізуші Нұртілеу Иманғалиұлының отбасына жеделхат жолдады. 

Тоқаев өзінің жеделхатында Иманғалиұлының отандық тележурналистика саласында елеулі із қалдырғанын атап өтті.

"Ол ұзақ жылдар бойы шығармашылық салада жемісті жұмыс істеді және халқымыздың рухани, мәдени байлығын дамытуға үлкен үлес қосты", – деп жазды президент.

Ал Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұртілеу Иманғалиұлының қайтыс болуына байланысты көңіл айту жеделхатында ауыр қайғыға ортақтасып, отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтты.

"Саналы ғұмырын қазақ телевизиясының өркендеуіне арнаған ол қатардағы тілшіден ұлттық арнаның басқарма төрағасына дейінгі жолдан өткен нағыз майталман маман болатын. Оның қоғамдағы көкейкесті мәселелерді арқау етіп, әлеуметтік астарын аша білген айшықты авторлық бағдарламалары ұмытылмай, ел есінде қалады. Шебер жүргізуші, сұңғыла сұхбатшы ретінде эфирдегі ерекше бейнесімен, өзіндік болмыс-бітімімен қалың көрерменді ұйыта білген талантты да танымал тұлға тәуелсіз еліміздің тележурналистикасын дамытуға зор үлес қосты", – делінген жеделхатта.

Сондай-ақ, Назарбаев көпшілік көзайымына айналып, ықыласына бөленген абзал азаматтың ғибратты ғұмыры мен жарқын бейнесі жұртшылық жадында әрдайым сақталатындығына сенім білдірген.

Нұртілеу Иманғалиұлы 1952 жылы Алматы облысы Ақсу ауданы Діңгек ауылында дүниеге келген. 1977 жылы ҚазМУ-ды бітірген.

Қазақ телевизиясында тілші, редактор, аға редактор, комментатор, бас редактор, саяси шолушы секілді қызметтер атқарды.

Нұртілеу Иманғалиұлы "Құрдастар", "Жастар дауысы", "Арай", "Жадыңда ма, жолдас", "Айна", "Жас жігер", "Бетпе-бет", "Қолтаңба", "Діңгек", "Көршілер", "Заң сөйлесін", "Nur-Tiley" авторлық бағдарламалары арқылы қалың көрермен есінде қалды.

2006-2007 жылдары "Қазақстан" республикалық телерадиокорпорациясы" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы, одан кейінгі жылдары "Қазақстан РТРК" АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі болды.

Оқи отырыңыз: Журналистер арасында Бейсен Құранбек атындағы "Жігер" сыйлығы жарияланды

Нұртілеу Иманғалиұлы Ақсу ауданының құрметті азаматы. 2010 жылы Елбасы жарлығымен "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атағы берілді.