АЛМАТЫ, 16 ақпан – Sputnik. Әлеуметтік желіде моншада демалып отырған Семей полицейлерінің суреті тарады. Соған байланысты Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті қызметтік тексеріс бастады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
БАҚ-тың хабарлауынша, монша ішінде түсірілген суретті белсенді Руслан Лазута жариялаған. Айтуынша, фотода жергілікті полиция қызметінің учаскелік инспекторлары бар. Жиналғандар Семей қаласы жергілікті полиция қызметі бастығы лауазымына тағайындалуын тойлаған. Ал отырыс қаңтардың соңында өткен.
Жергілікті полиция суретте Семей қаласының полицейлері екенін растады.
"Расында да әлеуметтік желіде тараған фотода Семей қаласы полиция басқармасының қызметкерлері бар. Аталған факті бойынша Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасы қызметтік тексеруді бастады", - деп хабарлады полиция департаменті.
Еске сала кетсек, мамыр айының басында желіде Жаркенттегі саунада түсірілген видео тарады. Автор төтенше жағдай кезінде саунада әріптестерімен бірге қалай демалып жатқанын көрсетті. Прокурордың қасында Алматы облысы аудандық сотының судьясы болған. Осы оқиғадан кейін бас прокуратура қызметтік тексеріс басталғанын мәлімдеді.
Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов Алматы облысы Кербұлақ аудандық сотының төрағасы Сейітовтің өкілеттігін тоқтатты. Төтенше жағдай кезінде саунада әріптестерімен және судьямен бірге демалған Алматы облысы Панфилов ауданының прокуроры Саян Шалғымбаев жұмыстан қуылды.