Экономика

Министр мемлекеттік кәсіпорындарды жекешелендіруді тездетуді сұрады

Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында мемлекеттік меншік пен квазимемлекеттік сектордың 674 объектісін өткізу көзделген
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 16 ақпан – Sputnik. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын тездетіп іске асыру қажет екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Мемлекет басшысының берген тапсырмаларына байланысты Жекешелендірудің кешенді жоспарын іске асыруды жеделдету қажет. Ол үшін жергілікті атқарушы органдарға, Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларға, Ұлттық басқарушы холдингтер мен ұлттық компанияларға объектілерді өткізудің жол карталарын шұғыл түрде әзірлеуді және бекітуді тапсыруды сұраймын", – деді Жамаубаев үкімет отырысында премьер-министр Асқар Маминге қарата.

Ол мемлекеттік кәсіпорындардың басым бөлігі 2021 жылдың соңына дейін жекешелендірілуі тиіс екенін алға тартты.

Айтуынша, Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында мемлекеттік меншік пен квазимемлекеттік сектордың 674 объектісін өткізу көзделген. Оның ішінде республикалық меншіктің – 8, коммуналдық меншіктің – 448, ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың – 65 және Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларының 153 объектісі бар.

Бас компаниялардың еншілес ұйымдарын қосқанда, барлығы 736 нысан жекешелендіріледі.

"1 ақпандағы жағдай бойынша 384 объект бойынша жол картасы әзірленіп, бекітілді. Республикалық меншіктің 8 объектісін сату бойынша дайындық шаралары белсенді жүргізілуде. Оның ішінде 7 объект 2021 жылы, 1 нысан жер учаскесін рәсімдеуге байланысты техникалық проблемалар себебінен 2022 жылы сатылымға шығарылады", – деп нақтылады министр.

Оқи отырыңыз: Зейнетақы қоры қазақстандықтардың шотына 408 млрд теңге аударды

Ол қазіргі таңда 290 объект бойынша сатудың жол картасы әлі бекітілмегенін жеткізді. Оның ішінде 183-і коммуналдық меншікте, 39-ы ұлттық холдингтер мен компанияларға тиесілі және Әлеуметтік-кәсіпкерлер корпорациясының 68 объектісі бар.