Өңірлер

Алматылық дүкенде нан сатып алуға шектеу қойылды

"Ақсай" нан-тоқаш комбинатындағы өндіріс көлемі өзгермейді, қала дүкендеріне нан жеткізу көлемі азайған жоқ
Sputnik

АЛМАТЫ, 16 ақпан – Sputnik. Алматыда "Ақсай" нан-тоқаш комбинаты мен оның фирмалық дүкендерінде нанды сатуға байланысты шектеу енгізілді.

Енді "Ақсай" нан дүкендерінде бір адамға бес наннан артық сатылмайды.

Алматы қаласы кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы Sputnik Қазақстан тілшісіне оның себебін түсіндірді. Айтуынша, бұл шектеудің қаладағы басқа нан өндірушілерге қатысы жоқ.

"Бұл кейбір алыпсатарлардың таңертеңгі уақытта өнімнің барлық көлемін сатып алуына байланысты қабылданып отыр. Олар кейін жоғары бағамен қайта сатады. Зауыттың және оның фирмалық дүкендеріндегі баға бірдей", - деп түсіндірді басқарма.

Жалпы алғанда "Ақсай" нан-тоқаш комбинатындағы өндіріс көлемі өзгермейді, қала дүкендеріне нан жеткізу көлемі азайған жоқ.

Әкімдік пен "Ақсай" нан-тоқаш комбинаты ЖШС арасында бұрын жасалған шартқа сәйкес, бөлке нан 75 теңге тұрады.