Қоғам

Алматының экологиялық ахуалын онлайн-карта арқылы бақылауға болады

LED экрандарға ақпаратты шығару және мәліметтер базасына көрсеткіштерді беру үшін онлайн мониторингтің тағы 10 датчигі іске қосылады деп жоспарланған
Sputnik

АЛМАТЫ, 16 ақпан – Sputnik. Алматыда қаланың экологиялық жағдайын бақылауға мүмкіндік беретін онлайн-карта әзірленді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Қала әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, экологиялық көрсеткіштердің онлайн-картасы мегополис тұрғындарына қоршаған ортаның жағдайы, атмосфералық ауаның сапасы туралы кең мағлұмат береді.

"Жоба – Алматының экологиялық жағдайы жөніндегі барлық мәліметті біріктіретін динамикалық платформа. Мониторингтік станциялар әрбір 20 минут сайын онлайн режимде ауаның жағдайы жөнінде ақпараттық жүйені іске қосып отырады. Мұндағы көрсеткіштер графиктер және сандық деректер түрінде беріледі", – делінген ақпаратта.

Станциялар атмосферадағы ластаушы заттардың көлемін, сондай-ақ ылғалдылық, температура, қысым, желдің бағыты мен жылдамдығын өлшейді. Кезеңнің орташа мәндері және орташа күндік көрсеткіштері есептеледі.

Айта кетейік, жоба қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылды.

Онлайн-картамен қатар жинақталған көрсеткіштер бойынша ауа сапасының және басқа да параметрлердің өзгеруін болжауға мүмкіндік беретін мәліметтер базасы құрылады.

Оқи отырыңыз: Бәйтерек қайда?! Қазақстандықтар көк түтін мен қақаған аязды әзілге айналдырды

Алматыда ауа сапасына мониторинг жүргізетін 10 станция бар. LED экрандарға ақпаратты шығару және мәліметтер базасына көрсеткіштерді беру үшін онлайн мониторингтің тағы 10 датчигі іске қосылады деп жоспарланған.