Қоғам

Қазақстанда бір университет бас лицензиясынан айырылды

ҚазМҮББУ-да оқыған студенттердің гранты сақталады және олар басқа жоғары оқу орындарына ауыстырылады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 15 ақпан – Sputnik. Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті бас лицензиясынан айырылды, деп хабарлайды білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.

Былтыр министрлікке қарасты білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің қызметіне тексеріс жүргізген.

"Нәтижесінде өрескел заңбұзушылықтар анықталды. Атап айтсақ, жоғары оқу орнындағы бакалавриат, магистратура, докторантура, резидентура бағдарламасы бойынша оқу үрдісі қажетті профессорлық-оқытушылық құраммен және тиісті материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілмеген. Сонымен қатар оқу орнындағы өзге де маңызды көрсеткіштер белгіленген ең төменгі нормаларға сәйкес келмейді", - делінген хабарламада.

2020 жылдың шілде айындағы тексеріс нәтижесі бойынша университет лицензиясының күші тоқтатылып, анықталған олқылықтарды жоюға уақыт берілді. Алайда, ведомствоның ақпаратынша, қайта тексеріс кезінде Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті комитеттің нұсқамаларын орындамағаны және заңнаманы өрескел бұза отырып, жұмысын жалғастырғаны белгілі болды.

"Болашақ дәрігерлерге сапалы білім беру – адамдардың өмірі мен денсаулығының кепілі. Осы орайда біз сотқа жүгінуге мәжбүр болдық. Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетін жабу мәселесін сот та, білім және ғылым министрлігінің комитеті де қарады", - деді білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова.

Тағы оқыңыз: Қазақстанда сегіз колледж жабылды

Оның айтуынша, Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті әкімшілік жауапқа тартылды. Бұдан бөлек, ЖОО-ға айыппұл салынып, бас лицензиядан айыру туралы шешім шығарылған.

Көбенова ҚазМҮББУ-да оқыған студенттердің гранты сақталатынын және  олар басқа жоғары оқу орындарына ауыстырылатынын атап өтті. Оқу құны өзгермейді. Сондай-ақ, оқытушыларды жұмысқа орналастыру мәселесі де шешіліп жатыр.

Бас лицензиядан айыру туралы сот шешімі 10 жұмыс күнінен кейін заңды күшіне енеді. Осыдан кейін жоғары оқу орны білім беру қызметін тоқтатуға міндетті болады.

Айта кетсек, Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті Алматыдағы дәрігерлердің біліктілігін жетілдіру ұйымы базасында 2015 жылы құрылған. Бүгінгі таңда оқу орнында 3 мыңнан астам студент оқиды.