Экономика

Министрлік қаңтар айында ел қазынасы қанша теңгемен толыққанын айтты

Өткен айда мемлекеттік бюджетке түсетін салықтар бойынша жоспар 104,9 процентке орындалған, 2020 жылмен салыстырғанда 30,5 млрд теңгеге төмен
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 15 ақпан – Sputnik. 2021 жылдың қаңтар айында мемлекеттік бюджетке 490,4 миллиард теңге салық түсті, деп хабарлайды Қазақстанның қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті.

Комитеттің ақпаратынша, қаңтар айында мемлекеттік бюджетке салық түсімдері жоспары 104,9%-ке орындалды.

"Есепті кезеңде мемлекеттік бюджетке түскен салық түсімдері 490,4 миллиард теңгені құрады, 2020 жылмен салыстырғанда 5,8%-ке немесе 30,5 миллиард теңгеге төмен. Оның ішінде республикалық бюджет 14,6%-ке немесе 46,1 миллиард теңгеге төмендеді, жергілікті бюджет 7,6%-ке немесе 15,6 миллиард теңгеге өсті", - делінген хабарламада.

Кірістердің төмендеуіне мынадай факторлар әсер етті:

  • 2020 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда мұнай бағасының 13,6%-ке төмендегені байқалады;
  • үшінші елдермен тауар айналымы биыл қаңтарда 22,2%-ке төмендеді (экспорт 31,0%-ке төмендесе, импорт 1,2%-ке өсті);
  • 2021 жылдың қаңтарында сату бойынша айналым 2020 жылмен  салыстырғанда 13,8%-ке (6 415 миллиард теңгеден 5 529 миллиард теңгеге дейін) төмендеді;
  • бір салық төлеушіге онлайн бақылау-касса машиналарының орташа түсімі 5,0%-ке (3,8 миллион теңгеден 3,6 миллион теңгеге дейін) төмендеді.

Өткен айда жергілікті бюджетке түсетін салық түсімдері жоспары 59,8 миллиард теңгеге артық орындалып, 221,5 миллиард теңгені құрады.