Елорда тынысы

1 млн теңгеден беру ұсынылды: қаржылай қолдауға кімдер ие болады

Шешім жобасы мақұлданған жағдайда әлеуметтік көмек көрсету үшін жергілікті бюджеттен 18 миллион 194 мың теңге бөлу қажет болады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 15 ақпан — Sputnik. Нұр-Сұлтанда 2021 жылы Жеңіс күніне орай Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне 1 миллионнан астам қаражат төлеуді ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Қалалық мәслихат шешімінің жобасы "Ашық нормативтік-құқықтық актілер" порталында жарияланды.

Әлеуметтік көмек көрсету ережелері бойынша, астаналық ардагерлерге 67 айлық есептік көрсеткіш (195 439 теңге) көлемінде төлем берілуі керек.

"Сондай-ақ, осы жылы 1941-1945 жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күніне орай ардагерлерге 805 мың теңге көлемінде қосымша әлеуметтік көмек көрсету ұсынылады. Осылайша, 26 ардагерге 1 000 439 теңгеден (2 300 доллар – Sputnik) беріледі", - деп жазылған шешім жобасына түсініктеме хатта.

Шешім жобасы мақұлданған жағдайда әлеуметтік көмек көрсету үшін жергілікті бюджеттен 18 миллион 194 мың теңге бөлу қажет болады.

Жоба 2021 жылдың 26 ақпанына дейін қоғамдық талқылауға ұсынылады. 

2020 жылы Жеңістің 75 жылдығын тойлауға байланысты Нұр-Сұлтанда 44 ардагерге бір миллион теңгеден берілді. Жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша ҰОС ардагерлері және мүгедектеріне теңестірілген тұлғаларға (405 адам) 75 мың теңгеден үлестірілді.

Жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша соғысқа қатысқандарға теңестірілгендерге, сондай-ақ, қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына, соғыс жылдарында қайтыс болға ҰОС ардагерлерінің жесірлеріне, тыл еңбеккерлеріне (3 529 адам) 32,5 мың теңгеден берілді.

Жеңістің 75 жылдығында жасалған төлемдердің жалпы сомасы 190,3 миллион теңгені құрады.