Экономика

"Әр теңге пайда әкелуге тиіс": Тоқаев зейнетақы мен жәрдемақы туралы айтты

Президент прокуратураның басшылығына жалақы, зейнетақы және жәрдемақы төлеу мәселелерін әрдайым бақылауда ұстауды тапсырды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 15 ақпан – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бақылаушы орган уақытылы төленбейтін жалақыларды, заңсыз қысқартуларды және еңбек қатынастарындағы басқа да жағымсыз әрекеттерді дер кезінде анықтап, жолын кесуі керек деп санайды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, прокуратураның бұл бағыттағы жұмыстарының нәтижелері жаман емес. Өткен жылдың өзінде ғана сіздердің нәтижелі жұмыстарыңыздың арқасында 29 мың қызметкердің жалақыдан қарыз болған 2,7 миллиард теңге қаржысы төленді.

"Бұл жұмысты жалғастыру керек. Әсіресе, кейбір кәсіпорындарда шиеленістің өршуі байқалады. Мұндай мәселелерде аймақтағы прокурорлар нақты позиция ұстанып, белсенді әрекеттерге баруы тиіс. Әр іс бойынша оңтайлы шешім шығарып, заң үстемдігіне қол жеткізу қажет. Менің тапсырмам бойынша қазір әкімдер осы мәселемен айналысып жатыр. Бұл жұмысқа прокуратура да араласуы тиіс", – деді мемлекет басшысы бас прокуратураның басшылық құрамымен өткен кеңесте.

Президент өз сөзінде карантин шараларын қамтамасыз ету және мемлекет мүдделерін қорғау кезінде заңдылықты сақтаудың маңыздылығына да мән берді. Мемлекет басшысы полиция мен санитарлық қызмет тарапынан олқылықтар жіберілетін болса, ондай жағдайда прокуратураға бірден қажетті шаралар қабылдауды тапсырды. Одан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев қаржы саласындағы түрлі алаяқтық әрекеттердің алдын алу қажеттігін атап өтті.

Оқи отырыңыз: Көптеген азаматымыз қаржы пирамидаларының құрбаны болып жатыр – Тоқаев 

"Қазіргі кезеңде біз экономикадағы жағымсыз үдерістерді жоюға күш салып жатырмыз. Осыған байланысты кейде Ұлттық қордың қаржысын жұмсауға тура келеді. Сондықтан бұл қаражаттың заңды және орынды игерілуі айрықша маңызды. Әсіресе, мемлекеттік әлеуметтік бағдарламалар мен дағдарысқа қарсы шараларға бөлінген қаржыға ерекше назар аудару керек. Сондай-ақ жалақы, зейнетақы және жәрдемақы төлеу мәселелерін әрдайым бақылауда ұстау қажет. Бюджеттен бөлінген әр теңге мақсатқа сай жұмсалып, қоғамға пайда әкелуге тиіс", – деді президент.