Қоғам

Президент құқық қорғаушыларды пандемияның кері әсеріне дайын болуға шақырды

Президент елдегі күрделі ахуалды пайдаланып қалуға тырысатын қылмыстық топтардың кез келген іс-әрекетін бесігінде тұншықтыруды тапсырды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 15 ақпан – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пандемияның әлеуметтік салаға кері әсері қылмыстың көбеюіне әкеп соғуы мүмкін екенін ескертті. Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарын осыған дайын болуға шақырды, деп хабарлайды Ақорда.

Бас прокуратураның басшылығымен өткен кеңесте Тоқаев еліміздегі криминогендік ахуалға назар аударды.

Мемлекет басшысы карантиндік шектеулер кезінде қылмыстық іс-әрекеттердің едәуір азайғанына қарамастан, шектеулер жеңілдетілгеннен кейін, керісінше, күш-жігерді жұмылдыра түсу қажет екенін айтты.

"Пандемияның экономика мен әлеуметтік салаға тигізген кері әсері қылмыс пен құқық бұзушылыққа жол ашуы мүмкін. Құқық қорғау органдары осыған дайын болуға тиіс. Еліміздегі күрделі ахуалды пайдаланып қалуға тырысатын қылмыстық топтардың кез келген іс-әрекеттерін бесігінде тұншықтыру керек", – деп тапсырды Тоқаев.

Президент Қылмыстық кодексті оңтайландыру жөнінде берген тапсырмасын еске салды. Бас прокуратура бұл жұмысты құқық қорғау органдарымен, арнайы мемлекеттік органдармен және әділет министрлігімен үйлестіре отырып, атқаруы тиіс. Тоқаевтың пікірінше, аталған мәселеде қоғам пікірін, қоғам белсенділері мен сарапшылардың ұсыныстарын міндетті түрде ескеру қажет.

Тағы оқыңыз: Тоқаев: әркімнің көрпені өзіне тартуы – үлкен қателік

"Жедел тергеу аппаратының күшін болмашы құқық бұзушылықтарға жұмсауға болмайды. Қызметкердің жұмысы шаш етектен болған кезде, оған істі рәсімдеп, сотқа жіберген оңай. Ол осыған басымдық береді. Мұндай жағдайда азаматтардың құқықтары мен қылмысқа қарсы нақты күрес екінші орында қалып қояды. Сондықтан елімізде жәбірленушілер тергеушілердің қандай да бір жұмыс нәтижесін айлап күтеді", - деді ол.

Айтуынша, тергеу органдарының кәсіби кадрлармен толық қамтамасыз етілмеуі жағдайды ушықтырып жібереді.

Прокуратура барлық құқық қорғау жүйесінің қызметін үйлестіруші ретінде мұндай мәселелерге уақытылы мән беріп, әріптестерімен бірге оны шешуі керек, деп толықтырды президент.