Қоғам

Нұр-Сұлтан тұрғыны полицияны үш рет аяғынан тік тұрғызды

Әйел ақпанның басынан бері үш рет әкімшілік жауапқа тартылған, енді кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу бойынша міндеттерді орындамағаны үшін әкімшілік өндіріс қозғалды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 14 ақпан – Sputnik. Нұр-Сұлтанда әйел бірнеше күн ішінде құқыққа қайшы үш әрекет жасады: дәмханада ақша төлемеген, мүлікті зақымдап, мас күйінде жанжал шығарған. Полицейлер бірнеше әкімшілік хаттама толтырды, деп хабарлады елорданың полиция департаменті.

5 ақпанда "Есіл" ауданының полиция басқармасына Сарайшық көшесіндегі қонақ үйдің дәмханасынан хабарлама түсті. Клиент ақша төлеуден бас тартқан. Құқықбұзушыға қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 440-бабы бірінші тармағы (Алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

7 ақпанда Қонаев көшесіндегі қонақ үйде белгісіз біреу мүлікке зақым келтірген. Бұл факті бойынша да Әкімшілік кодекстің 434-бабы бірінші тармағы (Ұсақ бұзақылық) және 440-бабы бірінші тармағы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттың шешімімен әйелге 5 АЕК (14 585 теңге) айыппұл салынды.

9 ақпанда Қонаев көшесіндегі дәмханада қасында баласы бар мас әйел жанжал шығарғаны туралы хабар келді. Оқиға орнына тәртіп сақшылары аттанды. Медициналық куәландырудың қорытындысына сәйкес, әйел орташа дәрежеде мас болған.

Тағы оқыңыз: Нұр-Сұлтанның сол жағалауында болған оқиғаның видеосы тарап кетті

Оған қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 127-бабы (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша әкімшілік өндіріс басталды.

Бұған дейін әлеуметтік желіде дәмханада түсірілген видео тарады. Тамақтану орнына баласымен келген әйел ботқаға өз шашын салып, кейін жанжал шығарған.

Материал мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотқа жолданды. Әйел 10 АЕК (29 170 теңге) айыппұл арқалауы мүмкін.