Өңірлер

Алматыда карантинге байланысты жаңа қаулы жарияланды

Құжатқа сәйкес, дәмханалар түнгі он екіге дейін жұмыс істейді. Бассейндер мен халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысына шектеу қойылған жоқ
Sputnik

АЛМАТЫ, 14 ақпан — Sputnik. Алматыда сауда ойын-сауық орталықтары, сауналар, бассейндер шектеусіз жұмыс істейтін болады. Қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин жаңа қаулыға қол қойды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Құжатқа сәйкес, сауда ойын-сауық орталықтары, сауда орталықтары, сауда желілерінің жұмысына қойылған шектеу алынып тасталды. Бұған дейін 31 қаңтарда шыққан қаулыда бұл нысандар дүйсенбі-сенбі күндері сағат 10.00-ден кешкі 11-ге дейін жұмыс істеген еді. Жексенбі күні азық-түлік дүкендері мен дәріханалар ғана ашық болды.

Қоғамдық тамақтану орындары (сауда ойын-сауық орталықтары, қонақүйлердегілерді қоса) таңғы 7-ден 24.00-ге дейін жұмыс істейтін болады. Сағат 23.00-де тұрғындар тамақ үшін төлем жасап үлгеруі керек. 50 адамнан көп болмауы тиіс, адам саны сыйымдылықтың 50 процентінен аспауы қажет. Әр үстелде 4 орын. Әлеуметтік қашықтық пен бетперде режимін сақтау шарт. Көп адам жиналатын шараларға әлі де тыйым салынып отыр.

Бұған дейін қонақүй ішіндегі тамақтану орындары жұмыс істеген жоқ. Ал өзге дәмханалар 23.00-ге дейін  ғана ашық болды.

"Қазпошта" бөлімшелері мен халыққа қызмет көрсету орталықтары карантинге дейінгі режимге көшеді. Бірақ алдын ала жазылу керек.

Мәдениет нысандары мен концерт залдарда дайындық үшін 50 адам жинала алады. Бұған дейін тек 30 адамның жиналуына рұқсат берілген болатын.

Театрда көрермен залындағы орынның 30 процентін толтыруға болады. Бұған дейін 20 процент еді.

Бұдан бөлек, СПА орталықтар, бассейндер жұмысына қойылған шектеу алынып тасталды.

Жолаушылар автобустары кез келген бағытта қатынайды.

Қаулы дүйсенбі, 15 ақпанда күшіне енеді.