Қоғам

Ұлттық статистика бюросы Қазақстан халқының санын жариялады

Ресми мәліметке сәйкес, өткен жылдың 1 қаңтарымен салыстырғанда халық саны 245,0 мың адамға немесе 1,3% өсті
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 13 ақпан – Sputnik. 2021 жылдың 1 қаңтарында Қазақстанда халық саны 18 миллион 877 мың 100 адам болды, деп хабарлады Қазақстан Республикасы стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі ұлттық статистика бюросы.

"2021 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша еліміздегі халық саны 18 миллион 877,1 мың адамға жетті, оның ішінде қалалықтар – 11 миллион 149,7 мың (59,1%), ауылдықтар – 7 миллион 727,4 мың адам (40,9%)", - делінген хабарламада.

Оқи отырыңыз: Тоқаев халық санағын өткізуге қатысты тапсырма берді

Ресми мәліметке сәйкес, өткен жылдың 1 қаңтарымен салыстырғанда халық саны 245,0 мың адамға немесе 1,3% өсті.

"2020 жылдың қаңтар-желтоқсанында ең көп жалпы өсім елдің 3 өңірінде тіркелді: Алматы (60,2 мың адам), Нұр-Сұлтан (48,5 мың адам) және Шымкент (38,0 мың адам) қалалары", - деп хабарлады ұлттық статистика бюросы.