Өңірлер

Сарыағашта қызының сөзіне мән бермеген ата-ана полициядан көмек сұрады

Қыз ата-анасына ескертіп, құрбыларымен тамақтануға кеткен. Алайда ата-анасы қызының сөзіне мән бермеген
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 13 ақпан – Sputnik. Түркістан облысының полицейлері жоғалған 13 жастағы қызды тауып, отбасына қайтарды, деп хабарлады Polisia.kz.

Сарыағаш АПБ-не жергілікті тұрғын арызданып келген. Оның айтуынша, күндізгі сағат 16:30 шамасында 13 жастағы қызы қазір келемін деп үйінен шығып, содан оралмаған. Сарыағаш АПБ-нің қызметкерлері толық құрамда қызды іздеуге кірісті.

Отағасы ұйықтап жатқан: Терезеден қарап отырған әйел қызынан көз жазып қалды

Тәртіп сақшылары жоғалған қызды тез арада табу мақсатында сыныптастарының үйлерін жеке-жеке аралап, мектеп басшыларымен хабарласты. Білуі мүмкін деген адамдардан сұрастыру жұмыстарын жүргізді.

Соның нәтижесінде төрт сағатта қыздың жүрген жері анықталды. Ол өзінің үйінен 4 көше әріде жалғыз келе жатқан жерінен табылды. Қазіргі таңда жасөспірім қыз ата-анасына аман-есен табысталды.

Полиция қызметкерлері қыз ата-анасына ескертіп, құрбыларымен тамақтану орталығына шыққанын анықтады. Алайда ата-анасы қызының сөзіне мән бермеген. Осылайша қызын жоғалды деп ойлап, тәртіп сақшыларына хабарлаған.  

Аталған жайтқа байланысты жасөспірімнің ата-анасына Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 442-бабы (Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.