Қоғам

Қазақстанда сегіз колледж жабылды

Жабылған колледждердің студенттері басқа оқу орындарына ауыстырылған, оқытушылары жұмыспен қамтылды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 12 ақпан – Sputnik. Білім және ғылым министрлігі 8 колледждің лицензиясын қайтарып алды, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Министрліктің ақпаратынша, БҒМ білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті оқу орындарының білім беру қызметіне мониторинг жүргізіп, тиісті материалдық-техникалық базасы жоқ колледждерді анықтады.

"Ол оқу орындарында сабақ жүргізілмеген немесе мектеп түлектері сол колледждерге (бірінші курсқа) оқуға түсуге қызығушылық танытпаған. Осыған байланысты олардың қызметі толығымен тоқтатылды", - делінген хабарламада.

Мысалы, Көкшетау заң колледжі мен Талдықорған заң колледжінде білім алған студенттер түлек атанған соң, аталмыш оқу орындарының басшылығы лицензияларын өз еркімен қайтару туралы шешім қабылдаған.

Ведомство барлық жабылған колледждің студенттері басқа оқу орындарына уақытылы ауыстырылып, оқытушылары жұмыспен қамтылғанын атап өтті.

Білім министрлігі колледждердің білім беру қызметіне мониторинг жасауды жалғастырады.