Экономика

Қазақстанда тағы бір банк лицензиясынан айырылды

1 ақпандағы жағдай бойынша банкте 23 174 жеке тұлғаның депозиті болды. Ал оның жиынтық қалдығы шамамен 19 млрд теңгені құрайды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 12 ақпан – Sputnik. "AsiaCredit Bank (АзияКредит Банк)" АҚ банк және өзге де операциялар мен бағалы қағаздар нарығында қызметті жүргізуге берілген лицензиядан айырылды. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабарлады.

Агенттік хабарламасында қаржы ұйымын лицензиясынан айыру төмендегідей негіздерге сүйене отырып қабылданғаны айтылған. Олар:

  • пруденциялық нормативтер мен сақталуы міндетті басқа да нормалар және лимиттерді жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан көп рет) бұзу;
  • қадағалап ден қою шараларын жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан көп рет) орындамау;
  • уәкілетті органның қосымша капиталдандыру жөніндегі талаптарын банктің ірі қатысушысының орындамауы лицензиядан айыруға негіз болған.

Лицензиядан айыру күнгі жағдай бойынша банк активтерінің мөлшері 45,4 млрд теңге, несие портфелі – 45,0 млрд теңге. Оның ішінде 31,6 млрд теңге немесе банктің несие портфелінің 70,0%-і 90 күннен астам мерзімі өткен жұмыс істемейтін кредиттер. Сондай-ақ, осы күні "AsiaCredit Bank"-тің өтімді активтерінің мөлшері 75 млн теңгені құрады. Бұл ретте орындалмаған клиенттік төлемдердің мөлшері 8 млрд теңгеден асады.

Пруденциялық нормативтерге қатысты заңбұзушылық

2019 жылғы қазан айынан бастап клиенттер қаражатының кетуін өтеу үшін өтімді активтердің жетіспеушілігінен банк реттеуші белгілеген пруденциялық нормативтерді бұза бастады.

Осы кезеңнен бастап агенттік тарапынан банкке қатысты банктің жағдайын жақсартуға бағытталған 14 қадағалап ден қою шарасы қабылданды және әкімшілік құқық бұзушылық туралы 73 хаттама толтырылды.

2019 жылғы қазанда Ұлттық банк қаржы ұйымының жалғыз акционеріне қатысты банкті капиталдандыру жөніндегі талап түрінде мәжбүрлеу шарасын қолданды. Алайда, бұл шара орындалмады. Ал 2020 жылы қанағаттанарлықсыз қаржылық жағдайының сақталуына байланысты агенттік банкті қаржылық жағдайы орнықсыз банктер санатына жатқызып, банк пен оның акционерінен қаржылық жағдайды жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспарын орындауды талап етті.

Осы жоспарды орындау шеңберінде банк акционері 15,4 млрд теңге мөлшерінде өтімділікпен қолдауды жүзеге асырды. 2020 жылғы қаңтардан бастап 2021 жылғы ақпан аралығындағы кезеңде ақшалай өтеу және активтерді клиенттік депозиттерді өтеу есебіне беру нәтижесінде банктің міндеттемелері 21,8 млрд теңгеге азайды.

Оқи отырыңыз: Сарапшы банк қызметкерін телефон алаяғынан қалай ажыратуға болатынын айтты

2020 жылғы қарашадан бастап 2021 жылғы ақпан аралығында банк акционерінің қаражаты есебінен әлеуметтік маңызы бар мекемелер (мектептер мен ауруханалар) және "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" АҚ алдындағы міндеттемелер толығымен өтелді.

Банктің қаржылық жағдайын жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспарының мерзімі 2020 жылғы 25 желтоқсанда аяқталды. Банк және оның акционері қабылдаған шаралар банктің қаржылық жағдайын тұрақтандыруға әкелген жоқ. Банк пруденциялық нормативтерді бұзуды жалғастырды және клиенттер алдындағы төлемдер мен аударымдар бойынша міндеттемелерді орындамады. Оған қоса, банктің қосымша провизиялар қалыптастыру үшін қажетті меншікті капитал тапшылығы 19 млрд теңгені құрады.

Жеке тұғалардың депозиті

"AsiaCredit Bank" АҚ-та 2021 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша 23 174 жеке тұлғаның депозиті бар, олардың жиынтық қалдығы шамамен 19 млрд теңге. Банк салымшыларының, жеке тұлғалардың 97,7%-ның депозиттері "Қазақстанның кепілдендірілген депозит қоры" кепілдігімен толық көлемде өтеледі.

Уақытша әкімшілік тағайындалды

Агенттік төрағасының бұйрығымен уақытша әкімшілік тағайындалды. Оған банктің барлық басқару органдарының өкілеттіктері өтті. Ал уақытша әкімшілік банктің тарату комиссиясы тағайындалғанға дейін жұмыс істейтін болады. Уақытша әкімшілік жетекшісі болып агенттіктің қызметкері Ерлан Сәрсенбекұлы тағайындалды.

2021 жылғы 12 ақпаннан бастап заңнамада көзделген жағдайларды қоспағанда, клиенттер мен банктің шоттары бойынша барлық операциялар тоқтатылды. Агенттік банктің қызметін мәжбүрлеп тоқтату (тарату) туралы өтінішпен сотқа белгіленген тәртіппен жүгінеді.

Сот банкті мәжбүрлеп тарату туралы іс қозғаған күннен бастап кредиторлардың банкке талаптары банкті ұстауға ағымдағы шығыстарға байланысты талаптар қолданыстағы заңда белгіленген басқа да жағдайларды қоспағанда, тарату ісінде ғана қойылуы мүмкін.

Айта кетейік, "AsiaCredit Bank" АҚ-ның жалғыз акционері Орифджан Шадиев.