Оқиға

Алматыда базар жақта ер адамның мәйіті табылды – видео

Ер адамның денесі үйінді арасынан шығарылып, полиция мен жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырылды
Sputnik

АЛМАТЫ, 12 ақпан – Sputnik. Алматыда үйінді астынан ер адамның денесі табылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Алматы қаласы құтқару қызметі баспасөз қызметінің хабарлауынша, кезекші бөлімге 11 ақпан сағат 14:50-де қоңырау түскен.

Хабарласқан адам жер қазу жұмыстары кезінде ер адам қоқыс үйіндісінің астында қалғанын жеткізді. Оқиға Алатау ауданында орналасқан "Кенжехан" базарының артында болған.

Он екі адамнан тұратын құтқарушылар тобы мен екі кинологиялық экипаж көмекке келді.

Іздеу-құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде ер адамның мәйіті табылды. Денесі үйінді арасынан шығарылып, полиция мен жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырылды.