Қоғам

Адам коронавируспен ауырса, вакцина салдырмауға бола ма – министр жауабы

Қазақстанда 1 ақпанда коронавирусқа қарсы жаппай вакцинациялау басталды. Екпе алдымен инфекцияны жұқтыру және тарату қаупі жоғары халықтың осал топтарына кезең-кезеңмен салынады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 11 ақпан – Sputnik. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавируспен ауырып шыққан адамдар арасында тараған әңгімеге жауап берді,  деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Халық арасында "вакцина салғанша коронавируспен ауырып шыққан жақсы" деген пікір бар. Бірақ бір нәрсені еске салғым келеді. Ондайда аурудан кейінгі асқынулар болуы мүмкін. Ол иммундық жүйеге кері әсерін тигізеді. Созылмалы аурулар асқынып кетеді. Жүрек, өкпе, бүйрек сияқты органдардың функциясы бұзылады. Сондықтан COVID-19 салдарсыз өтпейді. Ал қайта қалпына келу кезеңі ұзаққа созылады", - деді Цой орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Осы орайда вакцинацияның маңыздылығын тағы бір мәрте еске салды. Оның айтуынша, вакцинация 400 жылдан бері адамзатты шешек, оба, полиомиелит сияқты аса қауіпті аурулардан қорғап келеді.

"Соңғы отыз жылда халық арасында эпидемиялық паротитті жұқтыру көрсеткіші 870 есеге, В гепатитіне шалдығу 150 есеге, ал көкжөтелді жұқтыру 7,3 есеге азайған. Қазіргі кезде біз вакцинаның арқасында полиомиелит, дифтерия, сіреспе сияқты инфекцияларды ұмыттық", - деп атап көрсетті Цой.

Жаппай вакцинация басталды

Қазақстанда 1 ақпанда коронавирусқа қарсы жаппай вакцинациялау басталды. Екпе алдымен инфекцияны жұқтыру және тарату қаупі жоғары халықтың осал топтарына кезең-кезеңмен салынады. Олардың ішінде медицина қызметкерлері, педагогтар, құтқарушылар, полицейлер, әскерилер, созылмалы ауруы бар адамдар бар. Екпе тегін және ерікті түрде егіледі.

15 ақпаннан бастап Қарағанды зауытында шығарылған "Спутник V" препараты вакцинация үшін пайдаланыла бастайды. Ал сәуір айынан бастап COVID-19-ға қарсы QazCovid-in қазақстандық вакцинасын егу жоспарланып отыр.