Қоғам

Росатом Қазақстанда АЭС құрылысына кірісуге дайын – Бородавкин

Кейбір БАҚ-та жиі жарияланатын ресейлік бейбіт атомға қатысты даурықпа әңгімелер шындыққа жанаспайды, деді Бородавкин
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 11 ақпан — Sputnik. Ресей Федерациясының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Алексей Бородавкин Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықтың үлкен әлеуеті бола алатын бес негізгі бағытты атады.

АЭС құрылысы

Электр энергиясының болжамды тапшылығын есепке алсақ, Қазақстан үшін АЭС құрылысы өзекті мәселеге айналып отыр, деді Бородавкин "Хабар 24" арнасына берген сұқбатында.

"Әлемнің басқа елдері секілді Қазақстан таза энергетикаға мұқтаж. Бұл мәселенің ең тиімді шешімінің бірі – атом электр станциялары. Электр энергиясының болжамды тапшылығын есепке алсақ, Қазақстан үшін АЭС құрылысы өзекті мәселеге айналып отыр. Росатом станцияның қауіпсіздігі мен экологиялық тазалығына кепілдік бере отырып, бұл жобаға кірусіге дайын. Осы тұста кейбір БАҚ-та жиі жарияланып жүрген Ресейдің атомды бейбіт мақсатта пайдалануына қатысты фобиялық даурықпа әңгімелер шындыққа жанаспайтынын атап өткім келеді", - деді елші.

Ол Ресейдегі АЭС-те қолданылатын ең озық технологиялар мұндай нысандардың құрылысы мен оларды пайдалану кезінде тәуекелдердің болмауын қамтамасыз ететінін айтты. 

"АЭС жобасы таза электр энергиясынан бөлек, Қазақстан экономикасының көптеген саласына серпін береді, біліктілікті қажет ететін жұмыс орындарын құруға және ядролық физика саласындағы жоғарғы білім сапасын арттыруға ықпал етеді", - деді ол.

2019 жылы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атом электр станциясының құрылысы әлі жоспарда жоқ екенін мәлімдеген болатын. Тоқаев қажет болса, осы мәселе бойынша референдум өткізуге болатынын айтқан.

Азаматтық қоғам саласындағы ынтымақтастық

Сондай-ақ, Бородавкин азаматтық қоғам желісі бойынша ынтымақтастыққа көп көңіл бөлу керек деп санайды.

Ол үкіметтік емес қорлар мен ұйымдар, жастар мен ардагерлер одағы, еріктілер қозғалыстары, сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдары мен блогерлік саланың арасындағы байланысты дамыту керек екенін айтты.

Ресейлік инвестиция

Елші Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынас жыл сайын жан-жақты әрі ауқымды болып келе жатқанын атап өтті.

"Қосылған құны жоғары өнімдерді шығаруға бейімделген бірлескен кәсіпорындар құру бойынша тұрақты әрі табысты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Біздің экономикаларымызды бірыңғай шаруашылық кешенге айналдыратын жаңа өндірістік тізбектер қалыптасып жатқаны аса маңызды", - деді Бородавкин.

Елші пандемия салдарынан инвестициялар мен сауда көлемі азайғанмен, бұл жағдай өтпелі екенін және осы жылы Қазақстан мен Ресей бұл шығындардың орнын толтыруға барынша күш салатынын айтты.

"Егер, Қазақстан Республикасына құйылған ресейлік инвестициялар көлемін "ресейлік юрисдикциядан қазақстандық юрисдикцияға" қағидасы бойынша емес, ресейлік компаниялардың Қазақстан экономикасына нақты капитал салымдары бойынша қарастырсақ, онда оның көлемі 2005 жылдан бері 40 миллиард АҚШ долларынан асып түсті. Осы көрсеткіш пен тауар айналымы (осы жылы тауар айналымы екі миллиард АҚШ долларына төмендеп, 17 миллиард долларды құрады) бойынша Ресей мінсіз көшбасшы екені анық", - деді Бородавкин.

Сонымен қатар, Ресейдің Қазақстандағы елшісі екі ел цифрландыру мен қоршаған ортаны қорғау мәселелерінде де табысты әріптестік орнатуы керек екенін айтты.