НҰР-СҰЛТАН, 11 ақпан – Sputnik. Ресей Федерациясының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Алексей Бородавкин мемлекеттік дума депутаттарының даулы сөзіне қатысты өз ойын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан24.kz арнасына сілтеме жасап.
"Интервью" бағдарламасына қатысқан дипломатқа өткен жылы мемлекеттік дума депутаттарының айтқан сөзіне қатысты сұрақ қойылды. Сол кезде олардың "Үлкен сыйлық" туралы әңгімесі қазақстандықтардың ашуын келтірген. Елші ол сөздерді драмаға айналдырмауға кеңес беріп отыр.
"Тым жақын қабылдаудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Бірақ ол орынсыз сөздер Ресейдің ресми ұстанымына қарама-қайшы екенін ерекше атап өткім келеді. Екі елдің арасында шекара нақты келісімшартпен бекітілген және барлық ұзындығы бойынша делимитациядан өтті. Қазақстан мен Ресейдің күн тәртібінде аумақтық талап-тілектер мүлдем талқыланып жатқан жоқ. Әрине, Ресей Қазақстанның тәуелсіздігіне, егемендігіне және территориялық тұтастығына құрметпен қарайды", - дейді Бородавкин.
Осы орайда дипломат екі елдің әскери ынтымақтастығы туралы келісімшартта көрсетілген бір норманы мысалға келтірді. Осы құжатта "көрші мемлекеттер бір-бірінің территориялық тұтастығын қорғайды" деген сөйлемдер де бар.
"Меніңше, Ресей мен Қазақстан арасындағы шекара екі мемлекетті бөлмей, керісінше, жақындастыруы керек. Ал жер мәселесін қоздыратын адамдар Ресей мен Қазақстан арасындағы достық қарым-қатынасқа нұқсан келтіргісі келеді деп ойлаймын. Қазіргі шекарадағы Қазақстан мемлекеттілігінің тарихын ғалымдар зерттеуі тис. Оны екі мемлекеттің сыртқы саяси теке-тіресін туғызу үшін қолдануға болмайды", - деп атап көрсетті Бородавкин.
Дума депутаттарының даулы мәлімдемесі
Өткен жылы желтоқсан айында РФ Мемлекеттік думасының білім және ғылым комитетінің төрағасы Вячеслав Никонов телебағдарламаға қатысып, "Қазақстан территориясы – Ресейдің үлкен сыйы" деп шықты. Оның мұндай мәлімдемесі қазақ қоғамында үлкен резонанс тудырған болатын. Артынан депутат өз сөзіне түсініктеме берді.
"Мен Қазақстан Республикасының шекарасына айналған Қазақ КСР-нің шекараларын анықтағанда, Қазақстан мүдделері толығымен сақталды деп есептеймін. "Большая игра" бағдарламасында осыны айтқан едім. Ал енді осы жағдайға байланысты бауырлас Қазақстан халқына тағы да жылы лебізімді білдіремін", – деп жазды Никонов өзінің Telegram-арнасында.
Сырты істер министрлігінің наразылық нотасынан кейін оған тағы бір әріптесі Евгений Федоров та қосылды.
Мәлімдемені Қазақстан қалай бағамдады
Никоновтың мәлімдемесінен кейін Ресей Федерациясының уақытша сенімді өкілі Александр Комаров Қазақстан сыртқы істер министрлігіне шақырылды. Оған наразылық нотасы тапсырылып, ресейлік саясаткерлердің мұндай мәлімдемелерінің алдын алу туралы ескерту жасалды.
Сондай-ақ, кейбір ресейлік саясаткерлердің Қазақстанға қарсы мұндай арандатушылық әрекеттері мемлекеттер арасындағы одақтастық қатынастарға үлкен зиян келтіретіні де айтылды.
Ал парламент сенатындағы халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед ресейлік әріптесінің сөзін "арандатушылық" деп атады.
Сыртқы істер министрі не деді
Желтоқсан соңында Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мәжілістің жалпы отырысына қатысты. Сол жерде депутаттар ресейлік саясаткерлердің Қазақстан туралы даулы сөздерінен кейін қандай шара қабылданып жатқанын сұрады. Министрдің айтуынша, қалыптасқан тәжірибе бойынша нотадан кейін ресми түрде жауап берілмейді. Бірақ Ресей тарапы қабылдаған іс-шаралар туралы хабарлады. Олар парламентке, президент әкімшілігіне мұндай сөздерді айтуға болмайды деп ескерту жасаған.
Министр Қазақстан азаматы ретінде өз ойын да айтқан.
"Жоғары білім алғаннан кейін, Отанымыздың тарихын білгеннен кейін мұндай сөздерге орысша былай деп жауап берер едім: бред сивой кобылы. Мұндай сұрақтар көтерілген кезде, ең алдымен, тарихшыларға, ғалымдарға сүйену керек", - деді Тілеуберді.
Сол кезде министр көрші елдің депутаттары айтқан сөзі Ресейдің ресми ұстанымына сәйкес келмейтінін де жеткізді.