НҰР-СҰЛТАН, 11 ақпан – Sputnik. Жуырда президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Халықтық IPO" арқылы ірі компанияларды жекешелендіруді жандандыруды тапсырды. Мемлекет басшысы әрбір қазақстандық ұлттық байлықтың бір бөлігін иеленуге құқылы деп санайды. "Халықтық IPO" бағдарламасының көздеген мақсаты қандай? Қазақстанның қарапайым тұрғыны мемлекеттік компаниялардан үлес алып, инвестор атана ала ма? 2011 жылы қолға алынған бастаманың арты неге сиырқұйымшақтанып кетті? Sputnik Қазақстан осы және өзге де сауалдардың жауабын іздеп көрді.
Жеті рет өлшеп, бір рет кес
Мәжілісмен Азат Перуашевтің пікірінше, "Халықтық IPO" арқасында қазақстандықтар ірі компаниялардың акционері болып кетуі әбден мүмкін. Өйткені бағдарламаның басты мақсаты – нарықтық экономиканың жемісін ірі бизнесмендерге ғана емес, қарапайым халыққа да көрсету. Алайда депутат бір жылға созылған пандемия отандастардың қалтасын жұқартқанын да естен шығармау керектігін айтты.
"Карантинде шағын және орта кәсіпкерлер жұмысын тоқтатқанын білесіздер. Қазір көбі қызметкерлеріне жалақы төлейтін ақша таба алмай жүр. Десе де олар тығырықтан шығудың жолын іздестіріп, азаматтарға қолдау көрсетуге тырысуда. Сондықтан "Халықтық IPO" қажет және оны халықтың тұрмысы мен табысын арттыратын бағдарламалармен ұштастыру керек", - деп санайды Перуашев.
IPO-ға шығарылған компаниялардың акциясын сатып алған адамдарға қосымша кіріс түсіп отырады. Ол дивиденд деп аталады. Яғни, компанияға ақша құйған әр азамат оған түскен табыстан өз үлесін алады.
Сол себепті қор биржасына қаржылық жағынан табысты компанияларды ғана шығару қажет, деп жалғады сөзін халық қалаулысы.
"ІРО өткізудің белгілі бір форматы бар. Оған қатысатын компаниялар акционерлер құрамын, табатын табысын, шығындар мен түрлі есеп-қисабын міндетті түрде жария етіп, ашық көрсетуі тиіс. Осы ретте біздегі компаниялар мұндай қадамға дайын ба, жоқ па деген сұрақ туындайды. Халықтың қаржылық сауаттылығы өте маңызды. Құнды қағаздарды сатып алмас бұрын компанияны бүге-шігесіне дейін зерттеген жөн. Кірістілігі, қарызы қанша дегендей. Жинаған ақшаңды көзді жұмып бере салуға болмайды", - деп кеңес берді ол.
IPO-ға түсетін компаниялар – эмитент, ал эмитент шығаратын құнды қағаздарды сатып алушы инвестор саналады. Инвесторлардың көбеюі ел экономикасына да оң әсер етеді.
"Халық артық ақшасын экономикаға құйса, бұл компанияға қосымша инвестиция, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады", - деді Перуашев.
IPO барысында компания акцияларының бір қолға шоғырлану қаупі де жоқ емес. Мәжілісмен жекешелендіру кезінде монополиялық әрекеттерге тыйым салу керек екенін айтты.
Халықтық IPO-ның "жемісін" көріп отырған отбасы
"Халықтық IPO" қазақстандықтарға бұрыннан таныс. Бағдарлама алғаш рет он жыл бұрын қабылданып, 2011-2022 жылдарға есептелген еді. Бастапқыда биржаға он ірі мемлекеттік кәсіпорынды шығару жоспарланды. Алайда ақыр соңында нарыққа тек екі – магистральды мұнай құбыры бойынша ұлттық оператор "ҚазТрансОйл" мен KEGOC электр желілерін басқару компаниясы шығарылды.
Жаңаөзен тұрғыны Жадыра Нұрсатова – сол жылдары ұлттық компанияның акцияларын иеленген тұрғындардың бірі. 33 жастағы келіншек 2014 жылы "ҚазТрансОйл"-дың 100 акциясын сатып алған.
"Бір күні қайным қоңырау шалып, "компанияның акциялары сатылып жатыр екен, алсайшы, олар күймейді ғой" деді. Сөйтіп сол кісінің кеңесіне құлақ асып, 72 500 теңгеге 100 акция алдым. Басында 10 мың теңге пайда түсетін, қазір 11 мыңнан асады. 300 теңге комиссия ұстап қалады. Дивиденд жылына бір рет, қазан-қараша айларында түседі", - деді Нұрсатова Sputnik Қазақстан тілшісіне.
Айтуынша, ол "көктен" түсетін ақшаны балаларының тамағына жұмсайды.
"Көп те емес қой өзі, былай тартсаң, былай жетпейді. Әйтеуір, ақшадан қатты қысылған кезде, бір қажетімізге жарап жатады", - деп күлді жаңаөзендік келіншек.
"ҚазТрансОйл" компаниясының құнды қағаздарын таныстарының көбі сатып алған, кейін біразы сатып жіберген.
Жадыра "Халықтық IPO" бағдарламасы жанданса, сенімді компаниялармен үлестес болуға қарсы емес екенін жеткізді.
Шенеуніктер IPO өткізуге неге құлықсыз
Белгілі экономист Марат Қайырленов "Халықтық IPO" бағдарламасының толыққанды іске асатынына күмәнмен қарайды.
"Біздің билік бағдарлама жарияласа, ол міндетті түрде жүзеге асады дегенді білдірмейді. Өйткені кез келген компанияны IPO-ға шығара алмайсың. Соңғы рет нарыққа шығатын компаниялардың тізімі 2015 жылы жасалып, IPO-ға қатысады деп жар салды. Арада екі-үш жыл өтті, тым-тырыс. Назарбаев та талай рет ұрсып, сынаған еді, бірақ еш нәтиже болмады. Неге дейсіз ғой? Себебі бұл шенеуніктерге қажет емес. Компанияның IPO-ға шығуы қоғамдық бақылаудың күшеюі деген сөз. Оның үстіне, акционерлер жеке тұлғалар емес, жауапкершілігі мол, өз ісіне адал, жұмысқа қатаң қарайтын шетелдік заңды тұлғалар болуы да мүмкін. Сондықтан бұл жерде бәрі күрделі", - деді сарапшы.
Ол елдегі сыбайлас жемқорлықты ескерсек, ІРО мемлекеттік компанияларды жекешелендірудің салыстырмалы түрде әділ жолы деп есептейді.
"Бізге мемлекеттің экономикадағы үлесін барынша азайту қажет. Сол себепті жекешелендіруді жүргізген жөн. Әйтпесе мемлекеттің басымдығы ел экономикасын өте қатты тежеп отыр. Экономикамыз бәсекеге қабілетті, тартымды емес", - дейді экономист.
Сарапшы халықтық ІРО-ға тек қазақстандықтар ғана емес, шетелдіктер де қатысуы керек деген пікірде. Біріншіден, ел экономикасына шетелден қосымша ақша құйылады. Екіншіден, акцияларға халықаралық инвесторлар иелік етсе, компанияның топ-менеджерлері заң бұзудан қорқады. Себебі олар заңбұзушылықтарға көз жұмбайды, бірден сотқа береді.
Кейбір қазақстандықтар ІРО кезінде ұлттық компаниялар толығымен шетелдіктердің қолына өтіп кетпей ме деп те алаңдайды. Қайырленов бұл күмәнді сейілтті.
"Халық банк ІРО-ға шықты емес пе. Оның акциялары Лондон қор биржасында саудаланады. Көріп тұрғандай, ешкім оны сатып алған жоқ. Оның үстіне акциялардың тек 15-20%-і ғана саудаға қойылады. Бұл бір. Ал екіншіден, шетелдіктер де ақымақ емес. Олар ең алдымен бақылайды: құнды қағаздарға өз азаматтары қызығушылық танытпаса, онда мұнда бір кілтипан бар деп ойлайды", - дейді ол.
Оқи отырыңыз: Әрбір қазақстандық ұлттық байлықтың бір бөлігін иеленуі қажет – Тоқаев
Экономист халыққа сатылатын акциялардың бағасын қою үшін отандық және шетелдік қаржы консультанттары бірігіп бағалау жүргізуі тиіс деп санайды. Айтуынша, әдетте бір акцияның құны – 100 долларға дейін, 10-15 доллар да болуы мүмкін.
Сондай-ақ, экономист үкіметтің жұмысын сынға алды.
"Биылдан бастап зейнетақы жинағын шешіп алып, оны қаржы компанияларына басқаруға беруге рұқсат етті. Бір жағынан, халықтық ІРО өткіземіз деп жатыр. Әу баста осы екеуін біріктіруі керек еді. Сонда 700 мың зейнетақы салымшысы ірі компаниялардың акцияларын сатып алар еді", - дейді Қайырленов.
"Халықтық ІРО" деген не?
IPO немесе Initial Public Offering – қандай бір компанияның өз акцияларын көпшілікке сатып алуға алғаш рет ұсынуы.
Бұл терминге "халықтық" деген сөз қосылса, ІРО кезінде акциялар бірінші кезекте сол мемлекеттің тұрғылықты халқына ұсынылатынын білдіреді. Әдетте, "Халықтық ІРО-ға" акциялардың толық немесе бақылау пакетін мемлекет иеленетін кәсіпорындар шығарылады.
Халықтық IPO азаматтарға ірі компаниялардың акцияларын сатып алып, қосымша табыс алуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, адамдар мемлекеттік кәсіпорындарды басқаруға қатыса алады.
Биыл 29 қаңтарда президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Халықтық IPO" бағдарламасын қайта жаңғыртуды тапсырды. Мемлекет басшысы акцияларды, ең алдымен, жеке тұлғаларға, яғни, Қазақстан азаматтарына сату керек екенін айтты.
Мемлекеттік кәсіпорындарды IPO жолымен жекешелендіру науқаны 2011 жылы басталған еді. Алайда нысандардың басым бөлігін жекешелендіру мерзімі шегеріліп, кейбірі тіпті, іске аспай қалды.