НҰР-СҰЛТАН, 10 ақпан – Sputnik. Қазірдің өзінде бірқатар мемлекет тарапынан қазақстандық вакцинаға қызығушылық бар. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министрдің айтуынша, вакцинаны шетелге шығару үшін клиникалық зерттеулердің толыққанды нәтижесін алу қажет. Себебі барлығы алдымен соны сұрайды, тиімділігін көреді. Содан кейін ғана тапсырыс көлемін пысықтайды. Ал отандық "QazCovid-In" вакцинасы клиникалық зерттеудің үшінші сатысынан өтіп жатыр.
"Қазірдің өзінде бірқатар мемлекет тарапынан қазақстандық вакцинаға қызығушылық бар. Олар байланысқа шықты. Барлығы клиникалық зерттеулер нәтижесін күтіп отыр", - деді Цой орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Осы орайда министр отандық вакцина шыққан бойда алдымен ішкі нарыққа жіберілетінін ерекше атап өтті.
"Осы уақытқа дейін "QazCovid-In" вакцинасы үш мың еріктіге cалынды. Олардың жағдайы жақсы, жағымсыз әсер байқалған жоқ. Шамамен, сәуір айында вакцина шығарылады. Біз оған үлкен сенім артып отырмыз. Алдын ала болжам бойынша отандық вакцинаның тиімділігі 90 проценттен асып отыр. Бұл – өте жақсы көрсеткіш", - деп атап көрсетті Цой.
Министр вакцина ресми түрде шығарылғанда бірінші болып салдыратынын айтты.