Оқиға

Өскеменде ер адам полицейдің мойнына пышақ сұғып алды – оқиғаның видеосы

Полиция қызметкерін пышақтаған ер адам ұсталды. Тәртіп сақшысына ота жасалды. Өміріне қауіп төніп тұрған жоқ
Sputnik

АЛМАТЫ, 10 ақпан – Sputnik. Өскемен қаласының 24 жастағы тұрғыны полицейдің мойнына пышақ сұғып, қашып кетпек болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. Бұл туралы қалалық полиция басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

8 ақпанда полицияға қаладағы көпқабатты үйлердің бірінде түнгі тыныштықты бұзған азаматтарға шағым түскен. Ол жерге полиция аға лейтенанты Нұржан Кәкеев пен Бекарыс Абдолданов барған.

Олар 9-қабатта екі жігіттің ішімдік ішіп, бір-біріне дауыс көтере сөйлесіп тұрғанын көреді. Полицейлер түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, түнгі уақытта тұрғындардың мазасын алмауды өтінеді.

Алайда тәртіп сақшысының ескертуіне құлақ аспаған екі жігіт дөрекілік танытады. Бірі күтпеген жерден полиция қызметкерінің мойнына пышақ сұғып, төменгі қабат арқылы сыртқа қарай қаша жөнелген.

Оқи отырыңыз: Полицейді қаққан ақмолалық бес жылға сотталды 

Алған жарақатына қарамастан Нұржан Кәкеев серіктесімен бірге тәртіп бұзған азаматты қуған. Ер адам сыртқа шыққан соң да полицейлерге пышағын оңды-солды сермейді. Тәртіп сақшылары бұзақының қолынан резеңке таяқпен ұрып, қолындағы пышағын жерге түсірген.

Қазір ұсталған 24 жастағы ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оған қатысты қылмыстық кодекстің 380-бабының 2-бөлігі (билік өкіліне қатысты күш қолдану) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл бап бойынша бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Полиция аға лейтенанты Нұржан Кәкеевке қажетті ота жасалды. Өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.