Фото

Қазақстандық "айдаһар шынысының" құпиясы: музейдегі таңғажайып минералдар - фото

Sputnik

Қазақстан бағалы минералдарға бай. Біздің еліміз минералдық ресурстар бойынша әлемдегі ең бай мемлекеттердің бірі. Агат пен аметист, кальцит пен кварц, сом мыс пен пирит секілді көптеген минерал бағалы тастарды жинауды сүйікті ісіне айналдырғандардың коллекциясында кездеседі.

Нұр-Сұлтанда ашылған минералогиялық музейде сом алтын, мыс және темір, эвдиалит, аметист, изумруд, топаз, танзанит, хароит, нефелин, тасқа айналған ағаштар және тағы басқа ғажайып минералдар қойылған.

Музейде Қазақстан аумағында, сондай-ақ, Еуропа, Африка, Оңтүстік Америка, Австралияда жинақталған экспонаттар бар.

Олардың ішінде қызықты экспонаттың бірі – Теңіз мұнай кен орнындағы жарылыс пен өрт салдарынан пайда болған тенгизит минералы.

"1985 жылы Қазақстандағы Теңіз кен орнында болған жарылыс нәтижесінде қою көк пен қара түстердің үйлесімі бар ерекше түсті минерал пайда болды", - деді Sputnik Қазақстанға экскурсия жетекшісі Гүлмира Досмағамбетова.

Мұнайдың жануынан тенгизит минералы түзілді. Оны "қатып қалған от", "отты теңіз тамшысы" немесе қазақстандық "айдаһар шынысы" деп те атайды.

Минералдар туралы Sputnik Қазақстан фотосуреттер топтамасынан оқыңыз.

1 / 18
Тенгизит минералы. Нұр-Сұлтандағы минералогиялық музейдің сирек кездесетін экспонаттарының бірі Қазақстандағы техногендік апат салдарынан пайда болған. "1985 жылы Қазақстандағы Теңіз кен орнында болған жарылыс нәтижесінде қою көк пен қара түстердің үйлесімі бар ерекше түсті минерал пайда болды", - деді экскурсия жетекшісі Гүлмира Досмағамбетова. 1985 жылы ұңғымалардың бірінде жарылыс болып, ол өртке оранды. Өрт 14 айдан кейін сөндірілді. Осы уақыт ішінде өрт температурасы 3000˚C-қа жетіп, өрт ошағының айналасындағы топырақ, құм, батпақ, биоматериалдар, жабдықтар, бұрғылау құрылғылары және басқа да техника түгелдей балқып кетті. Өрт сөндіру кезінде қолданылған көбік те минералдың түзілуінде рөл ойнады. Балқыған сұйықтықтың күрт қатуы кезінде топырақ пен минералдар араласқан шыны тәрізді зат түзілді. Минералогияда оны кен орнының атауына ұқсатып Тенгизит деп тіркеді. Оны "қатып қалған от", "отты теңіз тамшысы" немесе қазақстандық "айдаһар шынысы" деп те атайды.
2 / 18
Челябі метеоритінің бөлігі. 2013 жылдың 15 ақпанында Ресейдің Челябі қаласының үстінен 15 - 25 шақырым биіктікте метеорит бөлінді. NASA есептеулері бойынша, оның диаметрі шамамен 17 метр, жылдамдығы - секундына 18 километр, салмағы - он мың тонна. Метеориттің табылған ең үлкен сынығының салмағы 570 килограмм. Ол Оңтүстік Орал мемлекеттік тарихи музейіне қойылды. Ал "Нұр-Сұлтан" минералогиялық музейінде ғарыш денесінің ұсақ сынықтарын көруге болады.
3 / 18
Хризотил-асбест. Жітіқара кен орны - әлемдегі хризотил асбест минералы көп кен орындарының бірі. Ол Қостанай облысының Жітіқара қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай бес километр жерде орналасқан. "Асбестің бірқатар ерекше қасиеттері бар. Олар: беріктігі, отқа төзімділігі, жоғары адсорбциясы. Оның электр өткізгіштігі төмен. Сондықтан бұл минерал құрылыста, машина жасауда, химия өнеркәсібінде, тоқыма өнеркәсібінде және басқа да бірқатар салаларда кең қолданылады. Өрттен қорғайтын костюмдер, алжапқыштар, қолғаптар, өрт сөндірушілерге арналған дулыға дайындайтын киім-кешек өндірісінде де жиі пайдаланады", - деді Досмағамбетова.
4 / 18
Шунгит. Шунгит таза минералы табиғатта сирек кездеседі. Көбінесе ол шунгит тақтатастары мен доломиттердегі қоспа түрінде болады. Қазақстандағы пайдалы қазба кен орындары Алматы облысында игерілуде. "Алматыдағы жол-көлік оқиғалары жиі болатын жол қиылыстарында 15 шунгит пирамидасы анықталған дейді. Осыдан кейін жол апаттарының саны азайған. Сондай-ақ шунгиттен дайындалған минерал денсаулық сақтау саласында қолданылады", - дейді экскурсияшы Гүлмира Досмағамбетова.
5 / 18
Пирит. Әлемде алтын іздеумен айналысу әдетке айналған шақта пирит минералының алтынға ұқсастығына байланысты оны "ақымақтардың алтыны" деп атады. Бұл минералды бір-біріне ұрған кезінде ұшқын шашады. Бұл атау грек тілінен аударғанда "от шашатын тас" дегенді білдіреді. Пирит - бұл темір сульфиді. Шаршы түріндегі кристалдар өздерінің сұлулығымен таңғалдырады. Павлодар, Қостанай, Түркістан облыстары, сонымен қатар Орталық Қазақстан пирит қорына бай.
6 / 18
Пис раушаны. Гипс кристалдарының өсінділері "гипс раушаны" немесе "шөл раушаны" түзілуіне әсер еткен. Бұл тыныштық тасы медитация үшін таптырмас дүние деп саналады. Мұндай пішінді гипстер алғаш рет Сахараның байырғы тайпалары сипаттаған. "Гипс раушандарын" Қостанай облысындағы Амангелді кен орнынан табуға болады.
7 / 18
Сом мыс. Жезқазған қаласының атауы осы пайдалы минералмен тығыз байланысты десек те болады. Жезқазған кен орны неолит дәуірінен бастап (б.з.д. шамамен бес мың жыл) игерілген. Минералогиялық музейде сом мыс бастапқы түрінде қойылған.
8 / 18
Обсидиан. Қатып қалған магма – обсидианның қасиеттері туралы көптеген аңыз бар. Соның бірі – бұл тас қанды шайқастан аман қалған римдік легионер Обсидиусты құтқарып қалған. Вулкан шынысынан тұратын тау жынысын танымал "Тақтар ойыны" телехикаясында "айдаһар шынысы" деп атады. Обсидианның қасиеттері адамды көріпкел болуға ықпал етеді ме, жоқ па, ол даулы мәселе. Бір нәрсе айқын – тастың алуан түстер түзіп жарқырауы оған мистикалық көрініс береді.
9 / 18
Аммониттер. Музейде осыдан 65 миллион жыл бұрын жоғалып кеткен моллюсктердің қабыршақтары қойылған. Бұл моллюсктер Юрск кезеңінде тіршілік еткен. Өткен дәуірлерге қызығушылық танытатын азаматтар үшін бұл тастың орны ерекше. Аммонит кен орындары Ресейде, Мадагаскарда, Канадада және тағы бірқатар елдерде кездеседі. Қазақстанда Торыш шатқалындағы аңғарлардан да осы қабыршақтарды іздеп, бақ сынап көруге болады.
10 / 18
Аметист. Күлгін түсті аметист көздің жаун алардай жарқырайды. XVI ғасырда Ресейде аметист рубиннен де жоғары бағаланған. Ежелгі уақытта аметист ішімдікке деген тәуелділіктен арылуға және психикалық ауруды жеңуге көмектеседі деп сенген. Қазақтың Бетпақ-Дала шөлінен жүздеген аметист кристалдары табылған.
11 / 18
Изумруд. Бұл тас көп ғасырдан бері өз бағасын жоғалтқан емес. Байырғы кезде изумруд сәттілік алып келеді деп сенген. Ашық жасыл түсті изумрудтар сирек кездеседі. Бұл түсті көп жағдайда мамандар "қолдан жасап шығарады". Сондықтан, жасанды тасты бағалы изумрудтан айыру тіпті мүмкін емес. Әртүрлі елдердің мәдениеттерінде осы асыл тас туралы аңыз кқп. Ежелгі мысырлықтар изумрудты Исида құдайдың тасы деп санап, ол құнарлылық пен сүйіспеншілік күшін береді деп сенген. Үнді эпосы бойынша изумруд жылан мен құс патшасы арасындағы шайқастан кейін пайда болған. Асубұлақ, Делбегетай, Қарақия, Қойтас, Көкшетау, Қарой, Қуу, Нұра-Талды және тағы басқа аймақтарда изумруд кен орындарын кездестіруге болады.
12 / 18
Спектропирит. Шағын кристалдардың шашырандысы назар аудартпай қоймайды. Осы құнды тастан жасалған бұйымды патшайым Клеопатра таққан деген аңыз бар. Бүгінде спектропирит Таиланд пен Үндістанда қолмен өңделеді. Бұл тас сиқырлы деген наным бар. Ол жастық пен сұлулықты сақтап тұрады-мыс.
13 / 18
Ставролит. Ставролит зергерлік құнды тас болмағанымен, оған деген сұраныс өте жоғары. Оның кристалдары крест тәрізді өсінділер түзетіндіктен, грек тілінен аударғанда бұл атау "тас-крест" дегенді білдіреді. Англиядағылар мұндай тастар аспаннан түседі деп сеніп келген.
14 / 18
Динозавр жұмыртқасы. Минералогиялық музейде қазақстандық "айдаһар шынысы" мен тасқа айналған моллюск қабыршақтарынан бөлек динозавр жұмыртқасын да көруге болады. Моңғолияның Гоби шөлінен табылған бұл экспонатқа бей-жай қарап тұру мүмкін емес.
15 / 18
Табиғи тас. Табиғаттың ең мықты суретші әрі мүсінші екеніне дау жоқ. Мына экспонат соның дәлелі. Музей қызметкерлері тастағы мына үкінің мүсіні адамның араласуынсыз өзі түзілгенін айтады.
16 / 18
Агат. Кейбір бағалы тасты зерттеушілер агат жаман көз бен сөзден қорғап, адамға күш-қуат береді деп сенеді. Қазқстанда агат өте көп кездеседі. Елімізде агаттың неше түрлі түсі мен өрнектерін кездестіруге болады.
17 / 18
Азурит. Шыны тәрізді жылтырайтын бұл көк түсті минерал опырылғыш келеді. Құрамында мыс бар қайталама минералдардың бірі. Азуриттің ең үлкен кристалдары Цумебте (Намибия), Катангада (Конго) және Туисситте (Марокко) өндіріледі. Сондай-ақ, оның көлемділері Лион (Франция), Лаурион (Греция), Корнуолл (Ұлыбритания), Бурре (Австралия) секілді аймақтардан табылған. Бисби (Аризона штаты) АҚШ-тағы ең танымал азурит кен орны болып табылады. Ресейдегі Алтай өлкесінде де азуритті кездестіруге болады.
18 / 18
Берил. Берил атауы латын тілінен аударғанда "бағалы көк-жасыл түсті тас" дегенді білдіреді. Ең үлкен берилл кристалы Мадагаскарда табылды. Оның ұзындығы 18 метр, диаметрі - 3,5 метр, ал салмағы - 380 тоннаны құрайды. Бериллдің ең ірі кен орындары Оралда (Ресей), Оңтүстік Америкада (Колумбия, Бразилия) орналасқан. Фотода: Оралдан табылған берил.