Экономика

Тоқаевтың тапсырмасы: халыққа 6%-тік кредит неге берілмеді

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы "Бастау-бизнес" жобасы аясында ауыл халқына арзан кредит берілмеудің себебін түсіндірді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 10 ақпан – Sputnik. "Бастау-бизнес" жобасы аясында 100 мыңнан астам азамат қаржылай қолдаусыз қалған. Бұл туралы "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы Sputnik Қазақстанның ресми сауалына берген жауабында хабарлады.

Айта кетейік, үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықты жұмыспен қамтамасыз етуге арналған "Еңбек" бағдарламасының "Бастау-бизнес" бағытын сынға алған болатын. Себебі осы жоба аясында 150 мың адам дайындықтан өтсе де, 10 проценті ғана кредит алды және 19 процентіне грант берілді. Сонда 100 мыңнан астам адам қолдаусыз қалды. Әсіресе, ауыл халқына өз бизнесін ашуға арзан кредит берілмеді.

"Атамекен" кәсіпкерлер палатасы 100 мыңнан астам азаматтың қаржылай қолдаусыз қалғанын растады. Ресми мәліметке сәйкес, төрт жылдың ішінде 151 528 адам арнайы дайындықтан өткен. Соның ішінде 118 553 адам қаржыландыруға өтініш беріп, өз жобаларын қорғап шықты. Бірақ 44 362 адам ғана (арнайы оқудан өткендердің 29 проценті) бизнес жобасын жүзеге асырып, кәсіпкер атанды.

Палатаның ақпараты бойынша бүгінде ҚазАгро, Еуропаның қайта құру және даму банкі сияқты қаржы институттары, сондай-ақ мемлекеттік грант түрінде бөлінетін қаржы жеткілікті. Бірақ жоба қатысушыларын көбірек қамтуға кедергі келтіретін бірқатар мәселе бар.

"Айталық, ауыл тұрғындарының, әсіресе, жастардың кепіл мүлкінің болмауы, ауылдағы үйді бағалау құнының төмендігі, кредит тарихының дұрыс болмауы, адамның атында тұтынушылық кредиттің көптігі және кредит берешегінің болуына байланысты адамдар ҚазАгроның түрлі қаржы институттарынан микрокредит ала алмады", - дейді палата мамандары.

Ал облыс орталықтарында Еуропа қайта құру және даму банкінің бизнеске беретін кредитінің пайыздық мөлшерлемесі жоғары. Сондай-ақ, қолда бар кепіл мүлікті төмен бағалауға байланысты "Бастау бизнеске" қатысушылардың басым бөлігіне кредит берілмеді.

"Бастау бизнес" жобасын іске асырудың проблемалары онымен шектелмейді. Ауылды жерлерде жайылым, егістік, бордақылау базасы және тағы басқа мақсатқа жер жетіспейді. Ал қойма, цех пен база сияқты өндірістік орындардың құны қымбат. Бизнесті енді бастап жатқан адамдар ол шығындардың барлығын көтере алмай жатады. Мемлекеттік гранттың қаражаты да жобаны толығымен іске асыруға жетпейді. Мәселен, ет пен сүт өндірісі үшін ірі қара, жылқы, түйені өсірудің үздіксіз циклын қамтамасыз ету керек. Мал басының саны да көп болуы қажет.

"Ал мемлекеттік гранттың құны өткен жылы  555 600 теңге болғанын ескерсек, оған 2 бас ірі қара немесе жылқы, я болмаса, 1 бас түйе алуға ғана болады. Бұл үздіксіз өндіріс пен тұрақты табысты қамтамасыз етуге жетпейді. Өзге жобалар бойынша да жағдай осындай, грант сомасы жылыжай, баспахана, техникалық қызмет көрсету орны, тамақ өнеркәсібі мен жартылай фабрикаттар өндірісіне қажетті сапалы жабдықты алуға жеткіліксіз болып отыр", - дейді мамандар.

Осыған байланысты бүгінде ауылда кәсіпкерлікпен айналысуға адамдарды көптеп тарту үшін белгілі бір жобалардың гранттық қаржысын арттыру ұсынылып отыр. Сонымен қатар, кепілзат мүлкі жоқ немесе кредит бойынша қарызы бар және кредит тарихы бұзылған адамдар үшін қарыз беру шарттарын қайта қарау қажет.

Өткен жылы жобаға қатысушылар тарапынан бірнеше салаға деген қызығушылық жоғары болды. Олар:

  • - жылыжайда көкөніс өсіру;
  • - ұсақ мал, соның ішінде ешкі өсіру;
  • - жем-шөп өндірісі;
  • - жылқы шаруашылығы;
  • - құс шаруашылығы;
  • - ірі қара малды өсіру;
  • - ірі қара малдың репродукциясы;
  • - микрошөп өсіру.

Ал 2021 жылы қоғамдық тамақтану, тігін ісі, сұлулық салоны, сауда және тағы басқа қызмет көрсету салалары бойынша қосымша сарапшыларды тарту жоспарланып отыр.

Жалпы, биыл "Бастау бизнес" аясында жұмыссыздар, өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдар, NEET санатындағы жастар, аз қамтылған отбасы, көпбалалы отбасы мүшелері, еңбекке жарамды мүгедектер арасында 30 000 адамды оқыту жоспарланған. 2021 жылда 19 955 грант таратылады. Ал шағын кредиттерге 20 миллиард теңге қарастырылған. Ол ақша, шамамен, 8 000 кредитке жетеді.

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұсынған мәліметке сәйкес,  "Бастау Бизнес" жобасының қатысушылары 75,07 млрд теңгенің өнімдерін шығарды. Атап айтқанда: 

  • - қызмет көрсету саласында – 25,6 млрд.;
  • - ет өндіру – 20,5 млрд.теңге;
  • - сүт өндіру – 12,07 млрд теңге;
  • - тамақ өндірісі – 16,8 млрд.теңге;
  • - басқа жобалар – 119,0 млн.теңге.

Жобаларды іске асырған қатысушылардың 93 проценті бюджетке тұрақты түрде салық төлеп келеді. Төрт жылдың ішінде бюджетке 878,1 миллион теңге түсті. Әрбір бизнес жоба аясында орташа есеппен 1-2 жұмыс орны құрылады. Осылайша, төрт жылда 50 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Қолға алынған жобалардың жалпы саны 44 мыңнан асып отыр.

Айта кеткен жөн, президент "Бастау бизнесті" қаржыландыру көлемін қайта қарап, іске асыру тетіктерін де өзгертуді тапсырған. Бірақ шағын кредиттердің мөлшерлемесі 6 проценттен аспауы тиіс.