НҰР-СҰЛТАН, 10 ақпан – Sputnik. Елорда әкімі Алтай Көлгінов Қосшының қалаға қосылуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін онлайн форматта өткен халыққа есеп беру кездесуінде Қосшының тұрғындары астанаға қосылу мәселесін қозғап, осы мәселеге қатысты жоспардың бар-жоғын сұрады.
"Біз Қосшы ауылында тұрамыз. Қалаға күнде қатынап, жұмыс істейміз. Бізді бір сұрақ алаңдатады. Қосшы Нұр-Сұлтанға қосыла ма? Жалпы, ондай жоспар бар ма", – деді Қосшы тұрғыны Алма Жұмабекова.
Оқи отырыңыз: Қосшы ауылының халқы сасық иіске тұншығып отыр - билік не дейді
Қала әкімі Алтай Көлгіновтың айтуынша, бүгінде Қосшы ауыл емес, үлкен қала болды. Ал Нұр-Сұлтан әкімдігі облыс басшылығымен бірге тығыз жұмыс жасап келеді. Тіпті, карантин кезінде блок-бекеттер Қосшының сыртына шығарылды. Себебі Қосшы халқының басым бөлігі астанада жұмыс істейді, білім алады, емделеді.
Әкім пікірінше, қазіргі кезде қаланың айналасында Қосшы сияқты бірқатар елді мекендер бар. Ол жерде 300 мың халық тұрады. Урбанизация кезінде мұндай қалашықтардың пайда болуы қалыпты нәрсе.
"Бұл – заңдылық. Сондықтан ешқандай шектеу жоқ. Барлық жағдай қала тұрғындарымен бірдей жасалған. Қазір Қосшыны қалаға қосуға қатысты ешқандай жоспар жоқ", – деді Көлгінов.
Осы орайда қала басшысы облыс әкімдігімен тығыз жұмыс жалғаса беретінін ерекше атап өтті.