Қоғам

Дариға Назарбаева мәжілісте өзін мазалаған мәселені көтерді

Депутаттың айтуынша, алдағы екі жыл ішіндегі мемлекеттік тапсырыста жекеменшік балабақшалардағы педагогтердің жалақысын көтеру қарастырылмаған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 10 ақпан – Sputnik. Мәжілістің жаңа сайланған депутаты Дариға Назарбаева жекеменшік балабақша педагогтерінің жалақысы туралы премьер-министрге сауал жолдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Бізді білім саласындағы шешімін таппаған өзекті мәселе – мемлекеттік тапсырыс аясында қаржыландырылатын жекеменшік балабақшалардағы педагогтер жалақысының төмендігі мазалап отыр", – деді Назарбаева үкімет басшысы Асқар Маминге жолдаған депутаттық сауалында.

Айтуынша, алдағы екі жыл ішіндегі мемлекеттік тапсырыста жекеменшік балабақшалардағы педагогтердің жалақысын көтеру қарастырылмаған.

Ал білім және ғылым министрі міндетін атқарушының 2020 жылдың 20 қазан күнгі бұйрығымен қаржыландыру әдістемесіне өзгерістер енгізілген.

Онда ресми жалақыға түзету коэффициентін 2020 жылы 25%, 2021 жылы 50%, 2022 жылы 75%, 2023 жылы 100% мөлшерінде енгізу, педагогтердің еңбек демалысының ұзақтығын 56 күнтізбелік күнге дейін арттыру туралы айтылған.

Алайда, Назарбаеваның сөзінше, аталған бұйрық жергілікті жерлерде орындалмай отыр.

"Соның салдарынан жекеменшік балабақшалардың педагогтері өз еңбегінің адал төлемақысын ала алмай отыр", – деді мәжілісмен.

Білім туралы заңға сәйкес, жергілікті атқарушы органдар мектепке дейінгі тәрбие беру және оқыту ісіне мемлекеттік тапсырысты бекітеді. Егер де жергілікті бюджетте қаражат тапшы болса, жан басына қаржыландыру тетігін іске асыру үшін республикалық бюджеттен мақсатты ағымдағы трансферттер есебінен шығындарды өтеу қарастырылған.

"Қазіргі уақытта әкімдіктер бір балабақша тәрбиеленушісіне жан басына шаққандағы нормативтің мөлшерін ерікті түрде анықтайды. Ал бұл белгіленген нормативтің орташа мөлшерінен едәуір төмен. Нәтижесінде жекеменшік балабақшалар мен педагогтер тиісті қаржыны ала алмай отыр. Көптеген маман жұмысынан айырылып, мекемелер жабылуда", – деп алаңдады Назарбаева.

Оқи отырыңыз: "Балалар аш отырады": Шымкент балабақшасында жанжал шықты

Осыған байланысты депутат премьер-министрден облыстарда мемлекеттік тапырыстың көлемі қалай қалыптасатынын, жеке қаржыландыру аясында бөлінген қаржыны жергілікті әкімдіктер іс жүзінде қайда бөлетінін, жергілікті атқарушы органдардың жеке қаржыландыру көлемін төмендетуге құқығы бар-жоғын сұрады.

Сондай-ақ, өңірлерде мемлекеттік тапсырыстың жүзеге асуын кім бақылайтынын нақтылауды өтінді.