НҰР-СҰЛТАН, 9 ақпан — Sputnik. Оралда баланы қағып өлтірген бойжеткен бір жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қоныс колониясында өтейді.
Қайғылы оқиға 2020 жылдың 17 қарашасында болған. Көлік айдап келе жатқан 22 жастағы қыз 10 жастағы баланы қағып кеткен.
Іс материалдарына сәйкес, Алтынханым Серікова Hyundai Tucson маркалы көлікті жүргізіп келе жатып, жол қозғалысы ережесін өреске бұзып, жаяу жүргіншілерге арналған жол бөлігінде баланы қағып кеткен. Он жастағы ұл бала ауруханада көз жұмды. Оралдық бойжеткен өз кінәсін толық мойындап, соттан жеңіл жаза тағайындауды сұрады, деп жазады өңірлік "Мой город" басылымы.
Оқи отырыңыз: Алматы облысының тұрғыны көршісінің баласын ұрлап әкетіп, жертөледе зорлаған
Көз жұмған баланың ата-анасы айыпталушыны кешіргенін айтқан.
Орал қалалық соты бойжеткенді Қылмыстық кодекстің 345-бабы "Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы" бойынша кінәлі деп танып, бір жылға бас бостандығынан айыру жазасын қоныс колониясында өтеу туралы үкім шығарды.