Өңірлер

Алматы облысының тұрғындары түнде құтқарушыларға қоңырау шалуға мәжбүр болды

Қазір елді мекендерде арықтарды тереңдету, бөгет салу және еріген қар суын сору жұмыстары жүргізіліп жатыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 9 ақпан – Sputnik. Алматы облысының үш ауылында жауын-шашын мен қардың еруінен жер үйлердің аулаларын су басты. Бұл туралы төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли мәлімдеді.

ТЖ туралы хабарлама 8 ақпан түнде келіп түсті.

Алматы облысы Ескелді ауданының Ешкіөлмес және А.Алдабергенов ауылдарында, сондай-ақ Көксу ауданының Талапты ауылында 40 жер үйдің ауласы су астында қалған.

ТЖМ мәліметінше, бұған ауа температурасының көтерілуі, жауын-шашын және қардың еруі себеп.

"Облыстық ТЖД және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері Ешкіөлмес ауылында оқиға орнынан 10 адамды эвакуациялап, орта мектепке орналастырды. Мотопомпалардың көмегімен су сорылды. Жедел штаб құрылып, қауырт желі іске қосылды", - деді Уәли.

Тағы оқыңыз: Қазақстанда 276 елді мекенге судан қауіп төніп тұр

Қазір елді мекендерде арықтарды тереңдету, үйінді бөгет салу және еріген қар суын сору жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Су басқан ауылдарда барлығы Алматы облысы ТЖ департаментінен 67 қызметкер, 15 бірлік техника, 18 мотопомпа, жергілікті атқарушы органдардан 28 қызметкер, 5 бірлік техника және 5 бірлік мотопомпа, АПБ 7 қызметкер, 3 бірлік техника жұмылдырылды. 

Министрлік азаматтардан су тасқыны қаупі бар кезеңде қауіпсіздік ережелерін сақтауды, аула аумағына іргелес арық желілерін қар мен қоқыстан уақытылы тазартуды сұрайды.

Құтқару қызметінің бірыңғай телефоны –  101 немесе 112.