Қоғам

"Құмар ойын қанымда бар": үш жылда 20 миллионнан айырылған жігіттің оқиғасы

24 жастағы Нұрдәулет Назарәлі ұтыс тігуге тәуелділіктен арылу үшін Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында емделді. Екі жыл мамандармен жұмыс істеген ол қазір ақша тігуге тәуелді адамдармен кездесіп, ақыл-кеңес береді
Sputnik

АЛМАТЫ, 8 ақпан – Sputnik. Әр ортада букмекерлік кеңсеге қалтасы қалың болып кіріп, қарызға батып шығатындар жиі кездеседі. Бірі балалықпен, енді бірі өмірден орнын таппай ұрынады. Жеңіл ақшаның жетегінде ата-ана, бауыр, дос-жаранды ұмытып кететіндер де бар. 24 жастағы Нұрдәулет Назарәлі айналдырған үш жылдың ішінде букмекерлік орталықтарда 20 миллион теңге ұтылған. Жас жігіт Sputnik Қазақстан тілшісіне кейінгі алты жылда бастан кешкен оқиғаларын айтып берді.

Бәрі алты жыл бұрын басталған

Нұрдәулет мектеп бітіріп, Шымкентте басқа ортаға түскенге дейін ойынға ұтыс тігу, ақша ұтылудың не екенін білмеген. Құрдасының букмекер кеңсесінде отырып, басқа дос-жаранмен байланысы үзіле бастағанын байқаған. Оны сол "балшықтан" шығарып алмақ болған. Алайда 18 жастағы баланың көзіне 40 мың теңге қомақты қаржы болып көрініп, өзі де жеңіл ақшаның соңына түседі.

"Бәрі университетте оқып жүргенімде басталды. Төрт жігіт жақсы дос болдық. Соның бірі футболға ақша тігетін. Бірігіп соны шығарып алғымыз келді. Бір күні оны іздеп букмекер кеңсесіне бардық. "Қай ойыншының қалай ойнайтынын білесің ғой, бүгін кім гол соғуы мүмкін" деп менің ойымды сұрады. Сол күні болжамым дәл келіп, досым 40 мың теңге ұтты. Бұл мен үшін қомақты қаражат болатын. Содан осылай ақша табуды ойлана бастадым", - дейді 24 жастағы Нұрдәулет Назарәлі.

Дәл осы жағдайдан кейін досына ойын болатын күндерді ескертіп тұруын өтінген. Осылайша интернет ойындар мен футболға ақша тіге бастаған.

Үш жылда 20 миллион теңге ұтылды

Нұрдәулет сол күннен бастап екі жыл бойы бірде ұтып, бірде ұтылып жүрді. Ал үшінші жылы ойыннан шыға алмай, қарызға белшеден батты. Сол жылы ақша тігу үшін су жаңа телефонын сатты, банктен кредит алды. Ағайын-туыстан қарыз алып, олардың қоңырауына жауап бермей, қашып жүрген. Ақша салған сайын келесі жолы ұтатынына сенді.

"Жұмыс істемесем де банк 400 мың теңге кредит берді. Сол жылы енді шығып жатқан телефонды кредитке алып, оны да сатып жібердім. Барлық ақшаны ойынға тіктім. Жалпы үш жылда 20 миллион теңге ұтылдым", - деді Нұрдәулет.

Жанындағы достары мен ағасының жолдастары да ақша сұрағанда бетін қайтармаған. Себебі бұған дейін көпшілік оны артық қылығы жоқ бала ретінде таныған.

"Ол кезде қарыз беретін адам көп болды. Не дегенмен жаман атым шықпаған, түзу жүрген соң бәрі сеніп, ақша берді. Ойынға кіріп кеткен соң өтірік айта бастадым. Қарызды алып, біреуге қайтару үшін басқадан ақша сұрап жүрдім", - деді ол.

Осылай үш жыл өткенде ағасы немен айналысып жүргенін біліп қойған.

Қарызымның бәрін ата-анам, бауырларым қайтарды. Әкем жақсы қызметте істейді, үй салуға, көлік алуға жинап отырған ақшасын берді. Мүмкін қарыз алған да шығар, оны маған айтпады, деді Нұрдәулет.

"Ауру қаныма сіңіп кетті"

Содан бастап ата-анасы ақша тігуге тәуелді болып қалған баласын емдейтін орталық іздеген.

"Ата-анам Алматыда адамдарды дұрыс жолға бағыттайтын орталық бар екенін білді. 5 жарым ай бойы сол жерде емделдім. Арнайы коттеджде тұрдым. Мен секілді ақша тігуге тәуелділер мен есірткіге тәуелді адамдар жиналған. Бәріміз отырып, ішіміздегіні ақтарамыз. Америка фильмдерінен көргенімді бастан өткердім", - деді Нұрдәулет.

Ата-анам емделуге болатын орталықты тапқан кезде қуандым. Себебі әркімнен қарыз алып, қашып жүргеннен шаршаған едім. Телефон көтермей жүрген күндерімді еске алғым келмейді, деп толықтырды ол.

"Жексұрын болдым": Танымал әнші құмар ойынға салынып, 200 000$-дан айырылғанын мойындады

Сондай-ақ, психолог мамандармен жұмыс істеп, өмірді басқа қырынан танып, құндылықтарын тапқандай болған.

Айтуынша, орталық ішінде жүргенде ойын, ұтыс, ақша туралы ой болмаған. Себебі қолында қаражаты да, телефоны да жоқ. Алайда жарты жылдан кейін ойынға тартып тұрды, дейді ол.

Ғаламтордан фильм көрген кезде ең алдымен 30 секунд ұтыс, ақша тігуге қатысты жарнама көрсетіледі. Нұрдәулет те сондай сәтте әлі күнге дейін елең ете қалатынын жасырмады. Алайда қаншама ем-дом жасағанын еске алып, ата-анасын ойлайды.

"Орталықтан шыққан соң аптасына 2-3 рет қайтадан ойнасам ба екен деген ой болды. Кейіннен мұндайды екі айда бір рет ойлап жүрдім. Қазірге дейін ойынға тартып тұратыны бар", - деп шынын айтты ол.

Мамандардың айтуынша, емделушіге ақша тігіп үйренген қаласына тез қайтып кетуге болмайды. Ал Нұрдәулет асығып, алты айдан соң Шымкентке қайтқан. Ол жақта жүріп ойынға қайта құмарта бастағанын сезіп, Нұр-Сұлтан қаласына барады, емін жалғастырады.

"Құмар ойын қанымда бар. Нағашыларымның арасында тәуелді адамдар бар екен. Уақыт өте келе ауру қаныма сіңіп кетті. Сондықтан күнделікті күресіп отырамын. Ерте оянып, күн сайын жаттығу жасап, миды тазартамын. Жақын дүниелерді ойлауға тырысамын. Дүниеге өкпелі кезімде қайтадан ойынға тартып тұрады", - деді ол.

Әдетте көпшілік қарызға батып, ойынның, ақша тігудің құмарына кіріп кеткенін жасырғысы келеді. Ал Нұрдәулет өз оқиғасын айтуды борышы деп санайды. Өзі секілді жастардың бұл жолға түспеуіне аз да болса көмектескісі келеді. Сондай-ақ, бұл "ауруды" жалғыз жеңу мүмкін емес екенін, мамандармен жұмыс істеу қажет екенін еске салды.

Нұрдәулет қазір медицина саласында жұмыс істеп жүр. Айтуынша, 150 мың теңге айлығы шығынын толық өтейді. Арасында ақша тігуге тәуелді адамдармен кездеседі, ақыл-кеңес береді.