Кей деректерде бұл мейрамның бес мың жылдан астам уақыттан бері келе жатқан тарихы айтылады. Қазақ халқы бұл күні күн мен түн теңесіп, жаңа жыл басталар шақ деп тойлаған. Ел арасында күн мен түн теңелер алдында Қыдыр ата ел-жерді аралап, бата береді деген түсінік қалыптасқан.
Бұл күні ауыл-аймақ жиналып, наурыз көже береді. Жастар жағы түнде ақсүйек ойнап, алтыбақан тебеді. Қыз қуу, көкпар, жамбы ату секілді ұлттық ойын жандана түседі. Бұл күні адамдардың бір-біріне айтар тілегі де ерекше. Қыстан шығып, көкке ілінген малдың сүтті болуын, ел мен жұрттың амандығын, молшылығын, береке мен бірлігін тілейді.
Sputnik Қазақстан 22 наурыз – Ұлыстың ұлы күніне айтылатын тілектерді ұсынады.
Наурыз тілек
Қазақ ұғымында Ұлыстың ұлы күні аспан жұлдыздары бастапқы нүктелеріне келеді. Соған орай халық күн мен түннің, жарық пен қараңғының теңескен күніне орай құтты болсын айтады. Бір-бірін құттықтау сәлемдесуден басталады. Адамдар төс қағыстырып, өкпе-ренішін кешіреді.
"Алты ай қыстың ақ қар, көк мұзы мен сақылдаған сары аязынан шаршап, көктемнің шуағын аңсаған шақта Жер Ананы бусантып, мейірім мен жылулық лебін ала келген Наурыз мейрамы құтты болсын! Қыс ызғары қайтып, төрт түлік мал төлдейтін, адамдардың аузы аққа, мал аузы көкке тиетін, жер бетіне шаттық орнайтын Наурыз құт әкелсін! Көктем құсы келіп, қысқы ұйқыдағы жануарлар оянатын қасиетті Ұлыс тойы оң болсын!
Ақ мол болсын,
Қайда барсаң жол болсын.
Алдыңнан шығып Қызыр, Ілияс,
Құрметпен саған қол берсін.
Бала-шағаң бақытты болсын,
Төрт түлік ақты болсын.
Ұлыс береке берсін,
Бәле-жала жерге енсін", деп тілек білдіреді.
Қазақ көне заманда 21 наурыз түнінде үйінің төріне қос шырақ жағып қояды екен. Онысы үйдегі ерлі-зайыптының қатар өмір сүруіне тілек білдіру.
"Екі адамның өмірі қос шырақтай жарық болсын, бақытты баянды болсын, бағы өрлесін, дәулеті артсын, ғұмыр жасы ұзақ болсын, өмірінде қиындық көрмесін, көңілдері сол шамдай маздап жанып тұрсын", деп ізгі тілек білдірген.
Сондай-ақ, қазақ халқы сол күні Наурыз көжені қазаннан басқа ыдысқа әзірлемейді. Жеті қазынаның бірі қара қазан үйдің құтын сақтайды деп сенеді. Наурыз күні ерлер бірінші болып ошаққа май тамызбайды. Ошаққа от тамызса, әйелім өледі деп ырымдайды. Несібем сарқылады деп сенеді. Ал басқа кісінің бәріне қолғабыс етеді. Бір жағынан мұның ортамызға от түспесін деген мәні бар. Мейрам күні отбасыда қазанның асқа толуына қатысты да түсінік қалыптасқан.
"Ұлыс күні қазан толса,
Сол жылы ақ мол болар.
Ұлы кісіден бата алса,
Сонда олжалы жыл болар.
Ошақтың отын әйел тамызса,
Шаңырағыңа құт қонар.
Әйел – үйдің құты,
Ер – түздің құты.
Қыз – үй құты,
Тұз тамақ құты", дейді.
Наурыз бата
Қазақ халқы Наурыз күнін "Ақ түйенің қарны жарылған күн" деп ерекше қастерлейді. Осы күні ел ішіндегі дуалы ауызды батагөй, әулие ақсақалдарды арнайы дәмге шақырады. Немесе арнайы іздеп барып, батасын алады. Ол қарияларға шапан не тақия сыйға тартады. Қазақтың "баталы ұл арымас, батасыз құл жарымас" деген мақалы соның дәлелі. Себебі халықта наурыз күні айтылған тілек қабыл болады деген наным бар.
Халық ауыз әдебиетінде батаның түрі көп. Соның бірі – Наурыз бата. Наурызнама өткізгендерге, осы күні "Наурыз көжеге" шақырғандарға, тойда өнер көрсеткен ақын, әнші, палуандарға тағы да басқа өнерпаздарға ақсақалдар мен әжелер, ел ағалары бата береді.
"Ұлыс күні қазан толса,
Ол жылы ақ мол болар.
Ұлы кісіден бата алсаң,
Сонда олжалы жол болар", деп халық жасы үлкен мен ісі үлкеннен бата алуға ұмтылған. Ел арасында Наурыз мейрамы қарсаңында айтылатын батаның бірнеше үлгісі бар.
"Қозыға толсын көгенің
Тұлпар болсын көбенің.
Құтты болсын құрығың,
Сулы болсын құдығың.
Қияқты болсын сұңқарың,
Тұяқты болсын тұлпарың.
Өрісті болсын жайлауың
Ырысты болсын қыстауың
Аюдай болсын қайратың
Арыстандай болсын айбатың.
Гүлге толсын өңірің,
Көңілді болсын өмірің.
Асқа толсын табағың,
Ашық болсын қабағың!".
Сондай-ақ, бата жалпы жұртшылыққа, көпшілікке, бүкіл қауымға, ауылға да беріледі.
"Уа, Құдайым оңдасын,
Жаманшылық болмасын!
Әруақ біткен жар болып,
Қызыр бабам қолдасын.
Аман сақтап төл басын,
Еккен егін солмасын.
Орта толып ырысқа,
Бейбіт өмір орнасын.
Бостандықтың ордасын,
Періштелер қорғасын.
Бесіктегі бөбектің
Бақайшағы тоңбасын.
Ұлыс күні ұл мен қыз
Тайпалдырсын жорғасын.
Көш бастаған көсемдер
Өрге тартсын арбасын.
Сөз бастаған шешендер
Әділдіктен танбасын.
Көл жиналып тамшыдан
Теңіз толсын қаңсыған.
Атамекен тазарып
Асығы түссін алшыдан.
Құт-береке кетпесін
Диқан менен малшыдан.
Бақыт ашып қақпасын,
Мәңгі бақи жаппасын.
Пәле-жала елімді,
Іздесе де таппасын.
Әумин!".
Жастар бұл күні үлкендерден бата алуға тырысады. Себебі, халықта наурызда алған батаның орны бөлек саналады. Ал ақсақалдар:
"Өркенің өссін!
Әр күнің Наурыз күніндей берекелі болсын!
Ұлың оңға, қызың қырға қонсын!
Еліңе елеулі, халқыңа қалаулы бол!
Айың тусын оңыңнан,
Жұлдызың тусын солыңнан!
Бақ берсін, қыдыр дарысын!," деп бата береді.
Бата берушілер жастарға тілегінде наурыздың ақша қарындай ниетің ақ болсын, бастарыңа бақ қонсын деп тілейді.
Пайдаланылған әдебиеттер:
Болат Бопайұлы "Наурызнама"
Зейнеп Рақышқызы "Сыр сандық"