Қоғам

ІІМ көлікті айыппұл тұрағына қоюдың екі себебін атады

Полицейлер жүргізуші куәлігі мен көлікті тіркеу куәлігін, сақтандыру полисін және техникалық байқаудан өткенін растайтын құжаттарды планшет арқылы тексереді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 8 ақпан – Sputnik. Әкімшілік полиция басшылығы қандай жағдайда көлік құралы айыппұл тұрағына қойылатынын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Комитет төрағасының орынбасары Серік Түсіповтың айтуынша, полиция барлық құжатты планшет арқылы тексереді. Ол үшін жүргізуші жеке куәлік немесе төлқұжатын көрсетуі тиіс. Оның жеке мәліметтері ақпараттық базаға енгізіледі де, адамның көлік жүргізу құқығы мен көлікке қатысты толық ақпарат мұқият тексеріледі.

"Сондай-ақ, сақтандыру полисінің рөлде отырған адамның атына рәсімделгені де маңызды. Себебі заң бойынша көлікті басқарып жүрген адамда тіркелген сақтандыру полисі болмаса, әкімшілік хаттама рәсімделеді. Ал көлік құралы айыппұл тұрағына қойылады", – деді Түсіпов ішкі істер министрлігінің баспасөз орталығында өткен онлайн брифингте.

Осы орайда комитет басшысының орынбасары жеке куәлік немесе төлқұжат болмаса, ескерту берілетінін жеткізді. Ал он күннің ішінде ол адам тағы жеке куәліксіз ұсталса, айыппұл салынады.

Егер адам көліктің өзіне тиесілі екенін дәлелдей алмаса, көлік құралы айыппұл тұрағына қойылады.

Айта кетейік, 13 ақпаннан бастап қазақстандық көлік иелері жүргізуші куәлігін өзімен бірге алып жүрмесе де болады. Полицейлер жүргізуші куәлігін, көлікті тіркеу куәлігін, сақтандыру полисін, сондай-ақ техникалық байқаудан өткенін растайтын құжаттарды планшет арқылы тексереді.

Оқи отырыңыз: Жеке куәліктің фотосын көрсете салуға болмайды – министрлік жаңа ережені түсіндірді

Ал интернеті жоқ елді мекендерде және тас жолдарда тексеру радиобайланыс арналары арқылы жүзеге асырылады.

Заңның жаңа нормасы тек Қазақстан азаматтарына қатысты.  Шетелдік нөмірі бар көліктер мен жүргізуші куәлігін шетелде алған жүргізушілер өзімен бірге барлық құжатты алып жүруі тиіс.