Ұлттық экономика министрлігіне қазақ тілді басшы неге бұйырмай қойды

Жуырда ғана ұлттық экономика министрі болып тағайындалған Әсет Ерғалиев үкіметке келмей жатып, сынға қалды
Sputnik

Не үшін дерсіз? Депутаттардың сұрағына қазақ тілінде жауап бермегені үшін. Сөйтсек, үкіметтегі ең жас министріміз өз ана тілін білмейтін болып шықты.

Мемлекеттік қызметте жүрген шенеуніктердің мемлекеттік тілде екі ауыз сөздің басын құрай алмауы біз үшін жаңалық емес, әрине. Етіміз әбден үйренді, өкінішке қарай. Бірақ, соңғы жылдары елдегі ең басты министрлікке қазақ тілді басшының бұйырмай жүргеніне қынжыласың.

Ерғалиевке дейін ұлттық экономика министрлігін басқарған Руслан Дәленов те қазақ тіліне шорқақ еді. Үкімет кулуарында журналистерден осы үшін талай сөз де естіді.

Ал оның ізашары Тимур Сүлейменов те мемлекеттік тілге жүйрік болмады. БАҚ алдында "Мәскеуде бес жыл қызмет етіп, ана тілін ұмытып қалдым" деп ақталды. Жарты жыл ішінде қазақ тілін үйреніп алуға уәде берді. Алты айдан кейін журналистер министрдің берген уәдесін есіне салып, оны тексеріп көрмек болды. Алайда, Сүлейменовке мемлекеттік тілді меңгеруге алты ай аздық еткен тәрізді. Қазақ тілінде қойылған сұрақтарға тұщымды жауап бере алмай, ақыр соңында ресми тілге көшкен еді.

2014-2016 жылдары ұлттық экономика тізгінін ұстаған Ерболат Досаев та қазақ тілінде ежіктеп, әрең сөйлейтін. Айтпақшы, қазір ол Ұлттық банкті басқарады. Бірақ, "баяғы жартас –  сол жартас".

Тағы оқыңыз: "Ұят деп санаймын": мәжілісте қазақша сөйлемеген министр депутаттан сөз естіді

Осыдан үш жыл бұрын Елбасы парламент пен үкіметтің отырысы тек қазақ тілінде өтуі тиіс дегені естеріңізде шығар. Назарбаевтың осы пәрменінен кейін шенеуніктер мен депутаттар қазақ тілі курстарына жаппай жазыла бастады. Биліктегілердің мемлекеттік тілге көзқарасы сәл-пәл өзгергендей көрініп еді. Қателесіппіз. Шенеуніктер парламент пен үкімет мінберінен баяндаманы қазақ тілінде қағаздан бас көтермей оқып бергеніне ғана мәз.

Бір қызығы, біздің билік экономика, қаржы туралы сөз қозғағанда, тек ресми тілде сайрайды. Қазақтардың есеп-қисапты түсінуге өресі жетпейді деп ойлай ма екен, әлде?! Мүмкін, халықтың қаржылық сауатының артып кетуінен қорқатын шығар. Кім білсін?!

Әсет Ерғалиевтің мемлекеттік тілде антты әрең бергенін ескерсек, ұлттық экономика министрлігінің төрінен қазақ тіліне жуық арада орын тиюі екіталай. Өкінішті-ақ, әрине. Отыз жылда экономика саласында мемлекеттік тілде емін-еркін сөйлейтін мықты мамандарды даярлап шығаруға болмас па еді?!

Бірақ, үміт үзілмейді. 34 жастағы министрге қазақ тілін үйренуге әлі де кеш емес. Ең бастысы, ана тілге деген құрмет пен оны меңгеруге ынта-ықыласы болса болғаны.